Қазақстандық әйел 10 кітап оқып, түрмеден босап шықты

0

Түрмеде жазасын өтеп жатқан қазақстандық әйел 10 кітап оқып, темір тордан босатылды, деп хабарлайды kznews.kz сайты stan.kz агенттігіне сілтеме жасап.

Қарағанды облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, қаңтар айында «Шекарасыз кітап оқу» атты ерекше жоба іске қосылған.

Жобаның мәні сотталғандар белгілі бір кітапты оқып шығуы қажет, содан кейін түсінігін айту немесе эссе жазу арқылы өз білімдерін көрсетеді. Естиханнан өткен жағдайда арнайы комиссия қамауға алынғандарға жеңілдіктер ұсынады.

Жобаға қатысқандардың бірі – АК-159/9 мекемесінде жазасын өтеуші Лидия есімді әйел. «Шекарасыз кітап оқу» жобасын білген ол оған алғашқылардың бірі болып белсене қатысады.

«Бірнеше көркем әдебиет кітап оқып, олардың мәнін сәтті түсіндіріп шыққаннан кейін әйелге жеңілдік берілді. Тағы бірнеше еңбекті оқып шыққан сотталушыға екінші рет жеңілдік берілді. Барлығы 10 кітап оқып, екі рет жеңілдік алған Лидия шартты түрде босатылды», — деді АК-159/9 мекеме бастығының орынбасары Нәзира Қадірова.

Әйел салық төлеуден жалтарғаны үшін 5 жыл жазасын өтеп жатқан. Екі жылын ол Қарағанды облысының әйелдер колониясында өткізген.

Нәтижесінде Лидияның жобаға қатысқаны үшін мерзімі үш жылға қысқартылып, қамаудан босатылған.

Қазіргі таңда «Шекарасыз кітап оқу» байқауына 50-ден аса сотталушы қатысып жатыр.