Қазақстандағы сарбаздардың жұмбақ өлімі. Кім кінәлі?

0

Соңғы кездері казармадағы қайғылы оқиғалар саны жиілеп кетті. Отан қорғауға келген сарбаздарды төпеп тастау, әлім-жеттік көрсетудің соңы суицидке әкелуде.  Kznews.kz
редакциясы әскери бөлімдер қабырғасындағы ең резонанс тудырған Orda.kz сайты еске салған жағдайларға аударма жасады. 

Еділ Тешебаев 4 маусымда Бейнеу ауылындағы шекара заставасында асылып қалған күйінде табылды. Ол өткен наурызда 19 жасқа толған еді. ҰҚК сарбаз әскери қызметке қатысы жоқ, тек отбасылық жағдайға байланысты өз-өзіне қол жұмсады деп санайды. Алайда марқұмның туыстары бұған сенбейді. Себебі қайғылы оқиға орын алардан бұрын сарбаз үйінен ақша сұраған. Сонымен қатар, Еділдің соңғы хаты өз қолымен жазылмаған, деп есептейді сарбаздың отбасы.

Осы жағдайдан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай істерді тергейтін арнайы комиссия құруды ресми түрде тапсырды. Ал тәуелсіз Қазақстанның тарихында мұндай оқиғалар аз емес еді.

2022 жыл: Жамбыл облысындағы қайғылы оқиға

Жуырда ғана, яғни 23 сәуірде Жамбыл облысында әскер қатарына шақырылған сарбаз қайтыс болды. Әлібек Қалбай таңертең сапқа тұрған сәтте есінен танып, көз жұмған. Кейінірек оның денесінде түрлі жарақаттардың ізі қалғаны анықталды. Бір күн бұрын Еділ Тешебаевтың оқиғасы сияқты Әлібек те отбасына дәрі-дәрмек үшін 4000 теңге аударуды сұраған. Ол небәрі 18 жаста еді.

«Қатардағы жауынгер Қалбай А.С. Жамбыл облысы Қордай аудандық сот-медициналық сараптама орталығында марқұмның бастың желке аймағында, оң жақ мықын, оң жақ бүйрегі мен бауырында гематомалардың бары анықталды … », — делінге Қорғаныс министрлігі басшылығының үстеліне түсіп үлгерген ресми құжатта.

Әлібек Қалбай жас сарбаздың курсын аяқтап, әскери ант қабылдауға да үлгермеді.

2021 жылдың қараша айында дәл осы Жамбыл облысының Отар ауылында Гвардиялық гарнизонның сарбазы жүрегіне оқ атып, қаза болды. Orda.kz редакциясы ҚР Қорғаныс министрлігіне хабарласқан соң, бас редактордың орынбасарына өзін қайтыс болған аға лейтенанттың туысымын деп таныстырған адам телефон соқты. Редакцияның мақала жазуға ниетті екенін естіп, телефон соғуды жөн көрген. Әңгімелесуші бас редактор орынбасарының телефон нөмірін қайдан алғанын айтпады, тек аудандық әскери комиссардың айтуы бойынша өтініш білдіріп жатқанын атап өтті. Бұл ретте ол қай округ және әскери комиссардың аты-жөнін нақтыламады. Ер адам бұл оқиғаны жарияламауды өтінді.

2022 жылдың сәуір айында Жамбыл облысы Меркен ауданындағы Андас батыр шекара заставасында әскери борышын өтеген 19 жастағы сарбаз Ұлықбек Бердішов қайтыс болды. 2 наурызда Ұлықбек жоғалып кетті, ал оның денесі 10 сәуірде ғана Қырғызстаннан табылды. Сарбаздың туыстары суицидтің орын алғанына сенбейді.

2021: «Бастағы бес оқ»

2021 жылдың қазан айында Теміртауда орналасқан №5516 әскери бөлімнің сарбазы басындағы оқ жарақатымен өлі күйде табылды. Ауруханаға түскеннен кейін бір сағаттан соң 20 жастағы Сержан Оңғар жансақтау бөлімінде көз жұмды. Марқұмның анасы Гүлжан Қасымбекова суицидтің болғанына сенбейді. Оның айтуынша, жігіттің басынан бес оқ табылған. Ол ұлын әлдекімдер өлтірді деп есептейді. Оның үйіне оралуына екі айдан аз уақыт қалған еді.

2021 жылдың жазында Оралдағы Ұлттық ұланның 5517 әскери бөлімінде әскерге шақырылған 21 жастағы сарбаз Қолғанат Ашыров өзін-өзі атып өлтірген. Бөлімше командирінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жәнібек Сәрсеновтің айтуынша, сарбаз қарауылда жүріп басынан оқ атқан. Ата-анасы ұлының өлтірілгеніне сенімді. Барлық уақытта одан ешқандай шағым болған жоқ, дейді туыстары.

2020: Парашютпен секірген сарбаз өлімі

2020 жылдың 2 наурызында Қонаев қаласындағы (ол кезде Қапшағай) 65476 бөлімшесінде 19 жастағы қатардағы жауынгер Дмитрий Ганчлевский 26 метрлік мұнарадан секірді. Оны құтқару мүмкін болмады. Ресми деректерге сәйкес, қайғылы оқиға қарсаңында әскерде сарбазға қатаң сөгіс берілген.

Қатардағы жауынгердің өліміне қатысты іс материалдарында ротадағы кезекші сержанттың «қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланып, Ганчлевскийді балағаттап, бетінен ұрған» делінген. Жарты сағаттан кейін Ганчлевский көшеге шығып, өз-өзіне қол жұмсады.

2019: Өз белбеуіне асылған сарбаз

2019 жылдың қазан айында Таразда 20 жастағы әскери қызметкер Батырхан Болат қайтыс болды. Өз белдігінде асылып қалған. Бұл ретте бөлімше басшылығы сарбаздың өз-өзіне қол жұмсауына «дедовщина» себеп болуы мүмкін дегенді жоққа шығарады. Олардың айтуынша, Батырхан бөлімдегі әскерге шақырылғандардың бірі болған, барлық шараларға қатысқан. Арада 2 ай өткенде, яғни желтоқсанда Батырхан Булат қызметін аяқтап, елге оралуы тиіс еді.

2018: «Белгісіз себептер»

2018 жылдың қараша айында Шығыс Қазақстан облысындағы шекара заставасына қайтып келе жатқан 19 жастағы сарбаз өзін атып өлтірген.

«Ол оң жақ кеуде аймағына пулеметтен оқ атқан. Сарбаз сағат 14.00-де жедел жәрдем көліктері орталық аудандық ауруханаға бара жатқанда қайтыс болды, диагноз — кеуде қуысының оң жағындағы оқ жарақаты», — деп хабарлады ҚР ҰҚК Шекара қызметі.

Сол жылдың қазан айында Ақтауда да осындай оқиға орын алды: әскери бөлімдердің бірінің келісімшарт бойынша қызметші өз-өзіне қол жұмсады.

2018 жылдың көктемінде Алматы облысының Үшарал қаласында Жоңғар шекара заставасының аумағында әскерге шақырылған сарбаз асылып қалған күйінде табылды. Қызметке келгенге дейін 22 жастағы Абай Хамзин Екібастұзда тұрып, жергілікті телеарнада журналист болып жұмыс істеген. Ол бес айдан кейін үйіне оралуы керек еді.

2018 жылдың тамыз айында Степногорск қаласындағы түзеу мекемесінде 1997 жылы туған мерзімді әскери қызметші күзет қызметін атқарып жүріп, өз-өзіне қол жұмсады. «Орталық» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінің жетекшісі, подполковник Дос Қанаттың айтуынша, сарбазды өз-өзіне қол жұмсауға итермелеген себептер белгісіз, суицид туралы хат жоқ.

2016: Тағы да Отар

2016 жылдың жазында Отарда 82796 әскери бөлімінде әскер қатарына шақырылған 1994 жылы туған Саян Сатыбаев өз-өзіне қол жұмсады. Жігіт асылып өлді. Марқұм сарбаздың туыстары оның суицидке баруы мүмкін емес деп есептейді. Саянның туыстары марқұмның денесінен әкесі мен үлкен ағасы соққының іздерін тапқанын айтты.

2015: Тағы да сарбаз өлімі

2015 жылдың мамыр айында Алматыдағы «Жұлдыз» ықшам ауданында Құрлық әскерлері Әскери институтының кіші сержанты Ержан Құралов көпқабатты үйдің ауласында киім кептіруге арналған барда асылып өлді. Марқұм өз-өзіне қол жұмсау туралы жазба қалдырған, онда оның өліміне ешкімді кінәлауды сұраған.

2015 жылдың 21 қыркүйегінде Аэроұтқыр әскерлері қолбасшысының кезекші бөлімінің көмекшісі сержант Әлішер Мұхтаров Алматыда Есентай өзенінің маңында белдікке асылып өлді. Әріптестері оның денесін көпірдің астынан тапты.

2013: Жұмбақ жағдайлар

Шығыс Қазақстандағы Шаған-Обо шекара заставасында Ақтаудан шақырылған 18 жастағы Дәурен Хасанов басынан оқ тиіп қайтыс болды . Өлім жұмбақ жағдайда болды. Хасановтың туыстары суицид нұсқасына сенбеді: қайғылы оқиғадан бірнеше сағат бұрын сарбаз әжесіне телефон соғып, әзілдесіп, барлығы жақсы екенін жеткізген. Туыстары Дәуреннің өліміне шекара заставасының офицерлерінің бірін кінәлайды. Белгілі болғандай, өлімге әкелген оқ оның қызметтік тапаншасынан атылған. Мұны шекара бөлімшесінің басшылығы да растап үлгерді.

«Оқ қызметтік қару Макаров тапаншасынан атылған, ол застава бастығының орынбасары лейтенантқа тиесілі», — деді ШҚО 2017 әскери бөлімі командирінің орынбасары Шыңғыс Тоқтасынов.

Ол екі айдан кейін үйіне қайтуы керек еді. Кейін Шығыс Қазақстан облысының соты 23 жастағы офицерді екі жыл мерзімге қызметтен шеттетіп, сонымен бірге айлық жалақысының 20 пайызын мемлекетке төлеуге міндеттеді.

2012: Барлығы жиырма жыл бұрынғыдай

2012 жылдың сәуір айында Аягөздегі әскери бөлімде оқ-дәрілердің жарылуы салдарынан мерзімді әскери қызметші қаза тапты . Қайғылы оқиға 10810 әскери бөлімінде болды. БМП техникасына қызмет көрсету кезінде белгісіз оқ-дәрі жарылған. Жарылыс салдарынан әскери қызметші алған жарақатынан қайтыс болды. Тағы екі әскери қызметші мен бір мердігер ауруханаға жатқызылды.

Сол жылдың тамыз айында елордадағы 66/36 әскери бөлімінде екі оқ жарақаты бар әскерге шақырылған азаматтың мәйіті табылды Командирлердің айтуынша, 19 жастағы Нұр Хайранбаев Калашников автоматынан өзіне екі рет оқ атқан, бірақ марқұмның денесінен екі оқ табылып, олар мүлде басқа жерлерге кіріп кеткен. Ол сол кезде екі ай ғана қызмет етті.

Осындай қайғылы жағдайлар, сарбаздар өлімі көбейіп барады. Неге? 

(фото коллаж Orda.kz)