Қазақстандағы рейстерге коронавирус анықтамасы бұдан былай қажет емес — Қазақстан жаңалықтары

0

Қазақстанда әуе кемесінде ұшу үшін COVID-19-ға ПТР-ді міндетті түрде тапсыру талаптарын алып тастады. Бұл туралы бас мемлекеттік көлік санитарлық дәрігері Сәдуақас Байғабылов айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Алматы әуежайы жақын арада шетелдік компания иелігіне өтпек

Байғабыловтың айтуынша, 1 мен 10 мамыр аралығында жүргізілген мониторинг нәтижелері бойынша әуе жолаушылары, әуежайға қызмет көрсететін персонал және авиациялық экипаждар арасында коронавирус ауруы тіркелген жоқ.

«Осыған байланысты, 11 мамырдан бастап жолаушыларға, әуежай қызметкерлеріне және экипаж қызметтеріне COVID-19-ға ПТР-ді міндетті түрде талдау талаптары алынып тасталды», — деді дәрігер.

Тиісті қаулы қабылданды.

Санитарлық және карантиндік талаптар — әлеуметтік қашықтық, анкеталар, маска режимі, терминал ғимаратына шығарып салуға кірмеу, байланыссыз термометрия және басқалары — өз күшінде қалады.

Ауру белгілері бар адамдар анықталған жағдайда әуежай ғимаратына және әуе кемесіне кіруге рұқсат берілмейді. Көрсетілген жолаушылар карантинге жіберіледі.

11 мамырда Алматы мен Нұр-Сұлтаннан Қазақстанның жеті қаласына рейстер қайта ұша бастайды.

stan.kz