Қазақстандағы «Қабірстан» неге даңғазалық пен бос мақтанның белгісіндей?
Бұл мәселеге біздің қоғам 2015 жылдан бастап назар аударды. Салттық кызмет көрсететін құзырлы орын басшылары БАҚ беттерінде өз пікірлерін айтты. Ел арасында қызу талқы басталғанда шектен тыс ысырапшылдыққа нүкте қойылар деп үміттенгенбіз. Бірақ, бұл да мазар салу бәсекесіне тосқауыл қоя алмады.
Алматының күншығысы Қабірстанға айналып кеткен
Алматыда қорымдарға деп 773 гектар жер телімі бөлінген. 2014 жылға дейін 41 қорым бар болатын. Қазір олардың саны 69-ға көбейді.
Райымбек даңғылы бойындағы Орталық зиратта ине шаншар жер жоқ. Тек ертерек орын алып қойғандарға ғана мәйітті жерлеуге рұхсат. Кеңсай-1 толғалы қашан, Кеңсай-2 жыл санап кеңейіп келеді. Енді Кеңсай 3-тің қажеттігі жайлы пікірлер айтылып жүр.
Заңсыздық марқұм туралы ақпараттың сыртқа шығып кетуінен басталады
– Жақындарына қаралы хабар жетпей жатып-ақ, о дүниелік болғандардың есігін жекеменшік рәсім компаниялары қағып тұратын болды. Олардың жанкештілігін анам дүние салғанда өзім де көрдім. Алдыңа мәйітті жуындырудан бастап жерлеуге дейінгі мәзірді дәмханадағыдай түгел ұсынып тұрады.
Бұл мәселені бірнеше мәрте көтердік, тіпті министрлік деңгейінде баяндама жасадық. Бұл жерде рәсім бизнесінің басында сыбайлас жемқорлықтың тұрғанын көреміз, – дейді Алматыдағы салттық қызмет көрсету комбинаты директорының орынбасары Марат Исмаилов.
Оның айтуынша, «қара агенттіктер» аурухана қызметкерлерімен келісіп, белгілі бір сомаға қайтыс болған адам туралы ақпаратты сатып алып отырады екен.
– Бұл ақпарат бұрын 5 мың теңге тұратын, қазір 100 доллар тұрады-мыс, – дейді ол әңгіме арасында.
«Клиентке» таласып қалатын жағдайлар болған
Деректерді сатып алудың да, клиент үшін таластың да себебі түсінікті. Оның үстіне, қаралы үй саудаласпайды. Ел ішінде «қара агент» деп аталып кеткендерге ықпал етудің заңды тетіктері жоқ.
Монополияға қарсы ведомство олармен айналыспайды. Оларда лицензия да жоқ.
– Бұл мәселені Астанада министрліктердің бірлескен мәжілісінде айтып, қалыптасқан мынадай жағдайға жоғарыда отырғандардың назарын аударуға тырыстық. Адамдардың туыстарын жерлеу үшін банктен несие алатынын да анықтадық. Тіпті тіркелмеген бірнеше заңсыз компанияны білемін. Олардың қолында ақпарат берушілердің телефоны жазылған сим-карта ғана болады. Катафалкты басқалардан 25 мың теңгеге өздері жалға алып, қаралы үйге 40 мыңға жалға береді. Бағасы 22 мың теңге тұратын ең қарапайым табытты 80 мыңға дейін көтеріп сатады. Қордайдағы мәрмәр тасты қашап, Алматыға әкелу 30 мың теңгенің айналасында болса, «қара агенттіктер» оны 80 мың теңгеге сатып жүр, – дейді Алматы әкімдігіне қарасты рәсім қызметтерін көрсету комбинаты директорының орынбасары Марат Исмаилов.
Кеңсайға әркімнің-ақ бар таласы…
Марат Исмаилов 2017 жылы Алматының өзінде ғана 7200 адам жерленгенін айтып өтті.
Жерлеудің орташа бағасы – 330 мың теңге, жиынтығы – 2 миллиард 376 миллион теңге шығады. Алматыда рәсім қызметтерін ұсынатын 200 компания бар, олардың көбі көлеңкеде жұмыс істейді және ешқандай салық төлемейді.
Адам жерлеу туралы сөз болғанда, қорымнан жер сату мәселесі де шығады. Алматыдағы рәсім қызметтерін көрсету комбинаты – Алматы әкімдігіне қарайды. Қаладағы 70 зираттың бәрі солардың қарауында.
– Жерлеу мен рәсім қызметтерін көрсету дегенді бөліп қарауымыз керек. Жерлеу құнына көр қазу, мәйітті түсіру, бетін жабу, құлпытас қою. Тағы бір айта кететіні – ҚР Жер кодексіне сәйкес, зираттарға бөлінген жер ортақ қолданыста, Қазақстан азаматтарына да, азамат еместерге де тегін беріледі. Жұрт тек жерлеу құнын төлейді. Жер үшін ақы алуға ешкімнің қақысы жоқ. Зираттағы жер марқұм болған адамның қайтыс болғанын растайтын медициналық құжат негізінде беріледі. Мұндай жерлер алдын ала берілмейді. Сол себепті, делдал компания өкілдеріне алданып қалмау керек. Бірақ, салттық қызметтер – ақылы. Және оның арнайы тағайындалған бағасы бар.
- Үлкен мола қазу – 19 110 теңге
- Молада ақым қазу – 16 140 теңге
- Топырақпен көму – 5930 теңге.
- Барлығы – 67 420 теңге болады.
Қаражат жер үшін емес, көрсетілетін қызмет үшін төленеді. Біреудің өлімімен өмірін түзейтін кей делдалдар осы қызмет түрлеріне аспандағы бағаны қойып алып, бизнесін дөңгелетеді. Салттық қызмет көрсететін заң бізге зират басына қойылатын құлпытастардың өлшемін, жерлеу бағасын реттейді. Заң түзелсе, көлеңкелі бизнестің де жолы кесіледі, – дейді Марат Исмаилов.
Кеңсайда жер тегін
Сөйте тұра көптеген марқұмдардың туыстары қорымнан жер алу үшін ақы төлеуге мәжбүр болған.
Кеңсай – алматылықтардың түсінігінде тек қалталылардың Қабірстаны.
Арнайы комбинат директорының орынбасары түсіндіргендей, бұл да – заң жоғын пайдаланып табыс тауып жүрген «қара агенттіктердің» жымысқы тірлігінен туындаған түсінбестік.
– Былтыр «Кеңсай-2» қорымында бір кісілерге жер көрсетіп, «мынаның бағасы былай» деп саудалап жүрген жекеменшік компания өкілдерін ұстап алдық. Жұрт мынаны білуі керек: жекеменшік компаниялар бізге келіп, жерлеу құнын төлейді. Ал, соның үстінен «жер үшін» деп алатын ақысы біздің бақылауымыздан тыс, біз өзгелердің қылмысы үшін жауапты емеспіз, – дейді Марат Исмаилов.
Марат Исмаилов жерлеу, салттық рәсімдерге қатысты заңның не себептен кешігіп жатқанын түсінбейтінін айтты.
Бұл саладағы көлеңкелі бизнестің тек Алматыдағы жылдық айналымы – миллиардтардан асып кетуі мүмкін. Оның зардабын халық көріп отыр.
Адамдар заңды білмегендіктен, ақыреттік орындарын да сатып алып жатыр
– Бізде тірілердің құқын қорғайтын заң көп. Мұндай заң марқұмдардың да туыстарына салмақ түспеуі үшін керек. Марқұмдарың басындағы белгі бәсекелестіктің көрігіне айналды, – дейді Марат Исмаилов.
Реті келгенде Марат Еуропа және Араб елдеріне іс-сапармен жиі барады. Ол жақта бос жүрмей, зираттардың құрылысын зерттейді екен.
Әлемде бізден басқа бірде бір елде мәйіттерін елден ерекше, жұрттан бөліп жерлейтін ел жоқ дейді ол.
Сауд Арабиясы королдері көзі тірісінде байлығының үштен бірін көмекке мұқтаж жандарға бөліп беріп, өлген соң өзін қарапайым зиратқа жерлеуді аманаттап кетіпті. Олар көз тартатын күмбез көре алмаушылыққа себеп болады, әруағын мазалайды деп қауіптенеді екен.
Жерлеудің шектен тыс шығындарынан бас тартып жатқандар Ресей, Өзбекстан қалталыларының арасында да жиі байқала бастаған.
Дінмұхамед Қонаев жұбайы Зуhра апамызбен бірге осы жерде жатыр / Фото theopenasia.net сайтынан алынды
– Ел тізгінін ұстаған Дінмұхамед Қонаевтың басында аты-жөні, туған-өлген жылы туралы жазба мен Қордайдан жеткізілген мәрмәртастан басқа ештеңе жоқ. Топырақтан жаралған адамды топыраққа айналудан байлығы да, атақ-абыройы да сақтай алмайды. Алланың құдіретімен жаратылғандардың бәрі Алланың еркіне қайта оралады, – дейді Марат.
Кеңсайдегі құрылыс ерте көктемнен қара күзге дейін жалғасады / Фото Информбюро
Қазір жерлеу де – бизнес
Бақылау болмаған соң, біздегі жағдай мүлдем шектен шықты.
Марат Исмаилов Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан, тіпті Түркменстанның өзі бұл мәселені әлдеқашан заңдастырып алғанын айтты. Бізде тек нормативтік құжаттардан әзірге «Халыққа рәсімдік (жерлеу) қызметтерін көрсетуді жобалау, ұйымдастыру және елді мекендердегі зираттарды ұстау реті туралы» ереже ғана бар.
Оның өзі әділет органдарында тіркелмеген болып шықты. Заңдық күші жоқ.
Марат Исмаилов марқұмның басын қарайтудың бәсекеге айналуын уақытша құбылыс деп айтып өтті.
– Кеңсайдың ең биігіндегі мына зираттағы ескерткіштің қаржылық сметасы 500 мың АҚШ долларынан асып кетеді. Француз дизайнерлері жасаған. Алғашқы бес жылда күндіз-түні арнайы күзет күзететін. Қазір келушілер сиреді. Туыстары немесе ата-анасы марқұмның басына зәулім ескертіш қою арқылы өздерінің жаралы жанына дауа іздейтінін білемін. Бірақ, бәрі өткінші. Біз де сол жолдан өтеміз. Марқұм болған әке-шешені, бауырды перзенттері, көзін көрсе немерелері, бірге туғандары іздейді. Содан кейінгі толқынға олар – жат. Бұл – табиғаттың заңы, – дейді ол.
Болашақта зират сүрілсе, мәрмәр тастары далада қалады
Марат Исмаилов әңгіме арасында Еуропада, Батыс елдерінде 50 жылдық тарихы бар зираттардың сүрілетінін, мәйіт уының сол уақытта толық залалсызданып бітетінін айтты.
– Алматыдағы Абылайхан, Райымбек, Әл-Фараби көшесінің орнында, ең ірі саябақтарда бұрын үлкен қорымдар болған. Құрылыс жүргізген кезде зираттағы сүйектерді жинап та үлгермеді. Тас жолдың астында қалды. Алматының маңайында 100-200 жылдық тарихы бар қорымдар бар. Олардың орны қажет болса – сүріледі.
Біз Алматыдағы Райымбек даңғылы бойындағы Орталық қорымды ұлттық саябақ ретінде сақтау туралы ұсыныс бердік. Өйткені, онда Мұхтар Әуезов бастаған қазақ зиялылары жатыр. Ал, таудың бөктерінде орналасқандықтан Кеңсайға сүрілу қаупі төне қоймас. Бірақ заң шықса, 50 жылдық тарихы бар зираттар тегістеліп, орнына басқалары көтеріледі. Алдағы 50 жылда Алматының зираттарынан қанша мәрмәрлардың қоқыс алаңына тасталатынын елестетудің өзі қиын, – дейді Марат Исмайлов.
Қазақтың қалталылары зират көтеруге келгенде ақшасын аямайды
Кеңсайдағы күмбездер /Фото informburo.kz
Руслан Қондыбаев Алматының «қара агенттіктерінде» дизайнер болып істейді.
2012 жылға дейін Алматыдағы құрылыс компанияларында дизайнер-сәулетші болған. Тапсырыс азайып, тірлігінен мән кете бастағанда осы кәсіпке ауысыпты. Бірақ бірнеше жыл бойы ағайын-туысқа ол туралы тіс жармаған.
Русланның айтуынша, қазақтың қалталылары зират көтеруге келгенде ақшаның мөріне қарамайды. Тек өзгесіне ұқсамай, ерекшеленіп тұрса болғаны.
– Кеңсайдағы ең арзан ескерткіштің бағасы 1,5-2 миллион теңгеден басталып, 200 000 АҚШ долларына дейін тұрады. Қымбат мазардың материалдарын Германиядан, Италиядан алдыртқан. Ол жақта бұл материалдар үй құрылыстарына жұмсалады, – дейді ол.
Руслан осы ретте КСРО кезінде зират басына қойылатын ескерткіштердің қалыптасып қалған үлгілері бар екенін еске алды.
Алматы, Орталық Қабірстан. 1970 жылдарға дейін қоғам және мемлекет қайраткерлері осында жатыр / Айтжан Мурзановтың фотосы
Ұзақ жыл мемлекет басқарған адамдардың моласының басына қойылған белгі портреттік стилде ғана орнатылатын.
– Алматыдағы қазақ қорымындағы Күләш Байсейітова, Шәкен Айманов, Мұхтар Әуезовтердің басына қойылған ескерткіштер мемлекеттің қамқорлығында. Оларды өнер туындысы деуге болады. Бір өзі оншақты сотық жерді алып жатқан қалталылардың зираттары да бар. Кеңсай түбіндегі елді мекен тұрғындарының басым көпшілігі зиратты күтумен айналысып, туған туысқандарынан 40 мың теңге жалақы алып тұрады. Бір адам қарауына оншақты зират алуы мүмкін, – дейді ол.
18 жасында обыр дертінен көз жұмған бозбаланың мүсіні шыны әйнекпен қоршалып тұр
Әкесі көзі тірісінде әр жұма сайын баласының басына келетін. Қазір өзі де осы жерде.
Қазіргі ұрпаққа қара тастың бәсі басым болып тұр
О дүниелік болған ардақтысының басына зәулім ескерткіш орнатып, сонымен мақтануды, малдануды бізге кімнен жұқты екен деген сұрақ бәрімізді мазалайды.
Мұқағали ақынның Майгүліне:
«Жатыр молаң жотасындай қоянның
Құлпытастың құны маған бес тиын,
Бірақ таспен қалай жаншып қоярмын?!
Қойман, ботам.
Керегі не көк тастың.
Қыста ақ қар, жазда шалғын шөп бассын.
Өзің келген май айында ақ нөсер,
Ағыл-тегіл бізбен бірге жоқтассын.
Керегі жоқ көк тастың» деп басталатын азалы жырына селт ететіндер қазір аз.
Тек жағынан келсек, иісі мұсылман әлемінде, араб елдерінде, тіпті Еуропа құрлығында жатқан Түркияда да мұндай ысырапқа жол бермейді. Түркияда туған-туыстарына әулет үшін алдын ала жер бөлуге рұқсат етсе де, бәсекеге орын жоқ. Хан болсын, қара болсын қолданыста жүрген заң рұқсат беретін қағидамен өлшенген белгі басына қойылады.
Сирия, Дамаскідегі мұсылмандар зираты. 2007 жыл / Фото автордікі
Біздегі жағдай Ресейдегі қабір салтанатына көбірек ұқсап барады
Мәскеу, Новодевичий қабірстанындағы Л.Гурченконың зираты / bads.ru.net сайтынан алынды
Мәскеудегі, Санк-Петербордағы кейбір қабірстандардың бірнеше ғасырлық тарихы бар. Онда кімнің, қайда жатқанын көрсететін онлайн-карта, гид-аралатушылардың жұмыстары мемлекет тарапынан дұрыс үйлестірілген.
Бізде кімнің, қайда жатқаны қабірстан әкімшілігінің картасында ғана көрсетілген.
Мұрат Әуезов былай дейді:
– Әзірбайжан елінде әрбір қонақ келіп көретін екі тағылымды қабірстан бар: бірі – шаһиттер қабірстаны, екіншісі – ұлттық пантеон. Бұл олардың ұлттық мәдениетінің бір бөлшегі ретінде қалыптасып кеткен. Жазушылар одағына, Алматы қаласының әкімшілігіне осында жерленген қайраткерлердің картасын жасап, оны айшықты жерге орнатып қоятын кез келді. Күні ертең мемлекеттігіміздің қалыптасуының басы-қасында жүрген тұлғаларымыздың нақ осы қорымда жерленгені естен шығып, қатардағы зират есебінде қалуы, Әуезов, Сатпаев, Аймановтардың бейітіне апарар соқпақ та темір қоршаулардың ортасында қалуы мүмкін, – дейді.
«Қайраткерлер жерленген бұл зиратты қаланың ескерткіштер картасына қосу керек» дей келе, Париждегі Пер-Лашез, Мәскеудегі Ваганьков пен Новодевичье зираттарында туристік қызмет көрсетілетінін мысал етті.
Астанадан басталған бәсеке ауылға жетті
«Біз де сіздей болғанбыз, Сіз де біздей боласыз» деп жазылған сөздердің көзден таса болғанына да біраз болды.
Есесіне, құны 50-100 мың АҚШ долларына бағаланған мәрмәрмен қапталып, алтынға апталған асқақ күмбездерді орнату ауылға да жетті. Шағын ауылдардың өзінде салтанатты мазарлар бой көтере бастады.
Ауылдың тыныштығын күзеткен зәулім мазарлар / abai.kz порталынан алынды
– Кейбір молалар сән-салтанаты жағынан тірілердің еңсесін басып тұрады. Өлгендеріне зәулім мазар тұрғызды деген далбаса мақтанды абыройға санап, малданып өмір сүру – қалыпты құбылыс болып кетті. О дүниелік болғанға тіпті де керек емес зәулім мазарды салып мақтанған тірілердің бәсекесі – жақсы құбылыс емес. Сол себепті заңды тездетіп қабылдап, мазар ескерткіштерін бір қалыпқа түсіру керек, – дейді қоғам қайраткері Мырзакелді Кемел.
Дін тақырыбын тереңдеп зерттеп жүрген журналист ағамыз Марат Тоқашбаев әзірбайжан бауырларымыздың осы мәселені көтеруінің өзі бізге ой салуы керек дейді. Ана дүниеге аттанған марқұмды тек баласы, немересі, одан қалса шөбересі іздер. Одан кейін немене немесе туажат үшін ол – бейтаныс адам. Қазір өзі тұрмақ, әйеліне, баласына, немересі мен шөбересіне дейін жерленер жерді Кеңсайдан алып, қоршап қойғандар жетеді.
Қабір басына қойған белгілерден бәсекеге қабілеттілікті емес, дарақылықты көреді
– Әлемде ғана емес, мұсылман әлемінде де қабірге қойылған ескерткіштердің биіктігі мен бағасының қымбаттығы жөнінен алдына қара салмаған ел – біз ғанамыз. Меккеде пайғамбарымыздың сахабаларының басына қойылған кірпіштей ғана белгі бізге ой салар емес. Тіпті, көрші өзбек пен қырғыз, түрікмен елінде де мұндай дарақылық соншалықты тамырланған жоқ, – дейді Марат Тоқашбаев.
Марат Тоқашбаев қазақтың ет бауыр жақынынан, ата-анасынан бірдеңені аяп қалған кезі аз дейді. Ғасырлар тезінен сынын да, маңызын да жоғалтпай, қасқиып тұрған маңғаз тарихи ескерткіштер соған куә.
– Бiрақ, бұл – жерлеу, рәсiмдеу iсi мен өлгеннiң басына қойылатын кез келген құрылыс туралы мүлде ауыз ашпа, пiкiр бiлдiрме деген сөз емес. Өйткенi, өзгелер бағынған, өзгелер жөн деп бiлген, жалпы адамзат үшiн, тiрiлер үшiн, қасиеттi болып табылатын белгiлi бiр заңдарға қазақ та бағынуы керек. Ата-бабамыз қабiрстанды өлiмдi, ақыреттi еске салушы, мәңгiлiк мекеннің барлығымызға ортақ екенін түсіндіруші орын деп кеткен, – дейді Марат Тоқашбаев.
Айта кету керек, зираттарды жобалауға, күтіп-ұстауға қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық ережелері мен нормалары Қазақстан Денсаулық сақтау министрінің 2010 жылғы 30 маусымдағы N 476 бұйрығымен бекітілген.
Дереккөз: https://informburo.kz