Қазақстандағы президент сайлауы. Хроника
Үшінші кезектен тыс президент сайлауы
Кезектен тыс сайлау өткізу идеясын бірінші болып Қазақстан халықтар ассамблеясы ұсынды. Бұл ұсынысты “Нұр Отан” партиясы мен мәжіліске кіретін басқа да партия жетекшілері қолдады. Сенатта 41 депутат бұл ұсынысты қолдап, бір депутат қарсы болды. Сол кездегі сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаев депутаттардан қайта дауыс беруді сұрады. “Маған бірнәрсе ұнаған жоқ. Бұл – техникалық ақау. Қайта дауыс берейік. Біреу байқамай басып жіберген болар” деді ол. Екінші дауыс беруде сенат депутаттары кезектен тыс сайлауды бірауыздан қолдады.
Конституциялық кеңес кезектен тыс сайлау өткізу туралы шешімді тек президент қабылдайтынын хабарлады. Назарбаев телеарна арқылы мәлімдеме жасап, кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы жарлыққа қол қойды. Ал өзі сайлауға қатысатынын я қатыспайтынын кейін жариялайтынын айтты.
Сайлауға үш кандидат – Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Коммунистік халық партиясының хатшысы Тұрғын Сыздықов, Қазақстан кәсіподақтар федерациясының төрағасы Әбілғазы Құсайынов тіркелді.
Сайлауда Назарбаев — 97,7 пайыз, Тұрғын Сыздықов — 1,61 пайыз, Әбілғазы Құсайынов 0,64 пайыз дауыс жинады. ЕҚЫҰ сайлауда заңдар бұзылғанын айтты.