Қазақстандағы лифтілердің үштен бірін жөндеу керек

0

Қазақстандағы жұмыс істеп тұрған лифтілердің үштен біріне жуығын күрделі жөндеуден өткізу керек. Бұл туралы желтоқсанның 26-сы күні Алматыда өткен баспасөз мәслихатында «Қазақстан лифтішілері ұлттық қауымдастығының» басшысы Ержан Игібаев мәлімдеді.

Жиында сөйлеген «Қазақстан ұлттық тұтынушылар лигасының» басқарма төрайымы Светлана Романовскаяның айтуынша, бір лифтінің қолдану мерзімі — 25 жыл. Осы уақыт ішінде лифт бұзылған жағдайда оған техникалық қызмет көрсететін компания, ал 25 жылдан кейін тұрғындар өздері жөндеуі керек.

Ержан Игібаев жиында 25 желтоқсан күні Инвестициялар және даму министрлігінің техникалық реттеу және метрология комитеті лифтілерге техникалық қызмет көрсететін және жөндейтін, лифт жабдықтарын жеткізетін компанияларға қатысты жаңа стандарттарын бекіткенін хабарлады. Оның айтуынша, Қазақстанда бұған дейін лифтіге қызмет көрсету ережелерін реттейтін ұлттық нормативтік-техникалық стандарттар болмаған. Ал көп қабатты ғимарат иелері мен пәтер иелері кооперативтері лифтілерге қызмет көрсетіп, жөндейтін компаниялар Кеден одағының «Лифтілердің қауіпсіздігі» атты 2011 жылы 18 қазандағы техникалық регламентіне қаншалықты сай келетінін тексермейді.

Игібаевтің сөзінше, бұған дейін Қазақстанда сервистік компаниялар қызметінің реттелмеуінен лифтілер шахтаға құлап, апатқа ұрындырған жағдайлар болған.

Жаңа регламентте Қазақстанға қандай лифтілер жеткізілуі керек, лифтіні тексеру мерзімі, сервистік компанияларға және олардың қызметкерлеріне қойылатын талаптар нақтыланған.

Оқи отырыңыз: Бақылаудан кеткен лифтілерде оқыс оқиғалар көбейді

Қазақстанда бұған дейін лифтілердің дұрыс жұмыс істемей, шахтаға құлап кеткен, адамдарды қысып қалған оқиғалары бірнеше рет болған. Биыл сәуірде Ақтөбеде көпқабатты үйде журналист Айзат Әбдісамат тозған лифтіге қысылып қалып, қайтыс болған. Бұл оқиғадан соң Ақтөбе билігі бірқатар тексерулер бастаған. Осы оқиғадан соң пәтер иелері кооперативі серіктестігнің төрағасы мен лифтіні жөндеген жалдамалы меxаник сотталған.

Дереккөз: Азаттық