Қазақстандағы элиталар рейтингісінде Дариғаның аты да аталмай қалды

0

«Стратегия» саяси және әлеуметтік зерттеулер орталығы әдеттегіше саясатта ықпалы бар тұлғалар мен елдегі басқарушы элитаның тоқсандық рейтитінгісін шығарды деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.

Аталған орталықтың таратқан мәліметіне қарағанда, рейтинг сарапшылардың берген бағасы бойынша жасалған. Оған басы-аяғы 57 азамат  қатыстырылған.  Рейтингте бірінші орынды, Қазақстанның президенті Қасым Жомарт Тоқаев иеленді. Сарапшылар бірінші орынды Мемлекет басшысына ешқандай талассыз бергені анық. Себебі соңғы кездері  Тоқаевтың абырой-беделінің біршама жоғарылағаны байқалады. Елде қос билік туралы әңгімелер тоқтады. Тоқаев батыл реформаларға кірісе бастады. Мұның бәрі де президенттің өзіндік қолтаңбасын, кескін-келбетін қалыптастыруға кіріскенін байқататын сияқты.

Екінші орында ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімов тұр. Жалпы Мәсімов Н.Назарбаевтың ең сенімді кадрларының бірі саналады.

Елбасының  биліктен кетуі Мәсімовтің рейтингісіне, дәлірегі саясаттағы ықпалына ешқандай да кері әсер етпегенге ұқсайды. Үшінші орында Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин иеленсе, төрттікті Елбасының күйеу баласы  Тимур Құлыбаев қорытындылады. Бұдан кейінгі орындар Ахметжан Есімов пен Алик  Шпекбаевқа бұйырыпты. Премьер Асқар Мамин үздік жетілікті аяқтады. Президенттің көмекшісі әрі Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы сияқты қос қызмет атқаратын Әсет Исекешев сегізінші, Елбасының көмекшісі Абай Бейсембаев тоғызыншы орында.

Осыдан кейінгі оныншы орында елдегі екінші тұлға-Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевқа берілген.  Президент Әкімшілігінің басшысы Ерлан Қошанов-11, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан  Байбек- 13, мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев 15-орынан көрінді. Тізімді одан әріге жалғастыра беруге болады. Алматының әкімі Бақытжан Сағынтаев -28, елорданың әкімі Алтай Көлгінов 43- орынға табан тіреген.

Тізімнен үшінші мегаполис –Шымкенттің әкімі Мұрат Әйтеновтың аты-жөнін байқамадық.  Әрине, бәрін тізіп шығу мүмкін емес. Дегенмен бір-екі мәселеге тоқтала кеткен дұрыс сияқты. Саяси элитаның рейтингісінде біраз азаматтардың орны ойсырап қалған.

Солардың бірі Иманғали Тасмағамбетов. Оның былтыр желтоқсанда 63-ке тола салысымен Ресейдегі елші қызметінен босатылғаны белгілі.

«Қызметтен кеткен Тасмағамбетов саясаттан да біржолата қара үзді» деуге бола ма? Тізімге биыл мамырда Сенат төрайымдылығынан босаған Дариға Назарбаева да ілінбей қалған. Түсінікті, Дариға дәл қазір мемлекеттік қызметте жоқ.

Бірақ осы рейтингте 12-орында тұрған Болат Өтемұратовтың да шенеуніктердің сапынан баяғыда шығарылып тасталғаны әмбеге аян. Өтемұратов ресми биографиясы бойынша қазір қазақстандық кәсіпкер, миллиардер, Қазақстан тенис федерациясының президенті, қоғам қайраткері. Басқа ештеңе жоқ. Сонда Өтемұратов рейтингке не үшін еніп отыр? Ал Тимур Құлыбаевтың мемлекеттің қызметтен сонау 2011 жылы Жаңаөзендегі оқиғадан кейін қош айтысқаны белгілі.

Бүгінде Құлыбаев қоғамдық ұйым саналатын «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы президимуының төрағасы, қоғам қайраткері.  Бірақ шенеунік болмаса да Құлыбаев басқарушы элитаның рейтингісінде үздік бестіктен түскен емес.

Айтпақшы, Дариған Назарбаевада қоғамдық жұмыс дегеніңіз жетіп жатыр.  Басқаны былай қойғанда ол былтыр құрылған  Сенаторлар кеңесіне жетекшілік етеді.

Оны бұл қызметтен әлі ешкім алып тастаған жоқ.  Осылайша саяси элитаның рейтингісі жасауда Дариға Назарбаеваның аты аталмай да қалды. Бұл экс-Сенат төрайымының карьерасының осыменен біткенін білдіре ме? Әй, қайдам…

www.oinet.kz