Қазақстандағы билік транзиті Ресейге үлгі бола ала ма?

0

“НАЗАРБАЕВ БИЛІКТІ САҚТАП ҚАЛА МА?”

New York Times газетінің редакция алқасы жазған “30 жылдан соң Қазақстанға жаңа “басшы” келді” деген мақалада авторлар Қазақстандағы соңғы саяси өзгерістерге баға беріп, болашаққа болжам жасайды. Елдегі саяси режимді нағыз автократиялық деп сипаттай келе авторлар президенттіктен кеткенмен, билік тізгінін қолында ұстап қалған Нұрсұлтан Назарбаевтың орнына келуі мүмкін тұлға ретінде оның үлкен қызы Дариға Назарбаеваны атайды. Ал немере інісі Самат Әбішті онымен бақталас болуы мүмкін дейді.

Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Самат Әбішті марапаттап тұр. Нұр-Сұлтан, 6 мамыр 2014 жыл.

Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Самат Әбішті марапаттап тұр. Нұр-Сұлтан, 6 мамыр 2014 жыл.

“Әлемдегі ықтимал демократтар тақта қалу үшін қолынан келгеннің бәрін жасап жатқанда, Қазақстанның тісқаққан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 30 жылдай уақыттан соң күтпеген жерден президенттік қызметтен кететінін мәлімдеді. Бұдан не өзгереді? Көп нәрсе өзгермейтін болар. Назарбаев мырза енді “президент” болмағанымен, оған бағынышты парламент Қазақстанда ел басқарып келе жатқан жалғыз басшыға басқа титулдардан бөлек “елбасы” деген атақ берді. Бұл мәртебе, басқаны былай қойғанда, оның өзін және отбасы мүшелерін (барлығы өте бай тұрады) қылмыстық және азаматтық қудалаудан қорғайды” деп жазады New York Times.

Назарбаевтың “Нұр Отан” партиясы және “аса ықпалды” Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы болып қалғанын айта келе авторлар Астана қаласы атауының да елбасы құрметіне “Нұр-Сұлтан” болып өзгергенін жазады.

Мақала авторларының ойынша, “президенттіктен бас тарту арқылы Назарбаев адамды шаршататын азаматтық толқу кезіндегі майдан өтінен оп-оңай сытылып шықты”.

“Ақпанның 4-інде өрт кезінде бір үйдің бас баласы қаза тауып, содан басталған ұзаққа созылған наразылықтан соң Назарбаев мырза өткен айда елдің әл-ауқатын жақсартып, “мұнай үстемдік еткен экономиканы әртараптандыра алмады” деп үкіметті отставкаға жіберген”.

Назарбаевтың бұрынғы үкіметті сынауы (Ақпан айы, 2019 жыл).

Мақала авторлары Назарбаев отставкасын “Совет одағы тарағанда ұлттық мемлекеттердегі басшылықты иемденіп қалып, ұлт көсемдеріне айналған, әрі кемінде Орталық Азияға ықпалды деспотқа айналған әккі коммунист басшылардың ең соңғысының шебер жүрісі” деп сипаттайды.

Мақалада Қазақстандағы алғашқы президент сайлауында Назарбаевтың жалғыз кандидат болып тіркелгені, кейінгі сайлауларда оның “ақылға қонбайтын нәтижемен” жеңіске жетіп отырғаны айтылады.

Назарбаев президенттігі тұсында елдегі адам құқықтарының жайы да мәз болған жоқ дейді авторлар. “Оның [Назарбаевтың] ашуына ілігіп, құрбан болғандардың арасында күйеубаласы, Назарбаева ханымның күйеуі Рахат Әлиев те бар. Назарбаев теріс айналғанға дейін біршама байлық жинап, билікке ие болған оған кісі өлтіруден бастап, отанына сатқындық жасады дегенге дейін түрлі айып тағылды. Әлиев мырза елден қашып, кейін Австрия түрмесінде қайтыс болды, ресми түрде ол өзін-өзі өлтірген” делінеді».

New York Times Нұрсұлтан Назарбаевтың жетістіктерін де тізбелеп өткен.

“Көреген де білікті басшы ретінде ол жергілікті қазақтардың тұрмысын жақсартты, біршама орысты елде сақтап қалды. Ресеймен, Қытаймен және елдегі мұнай-газ кеніштерін игеруге қатысқан Батыс компанияларымен арада жылы қарым-қатынас орнатты. АҚШ мемлекеттік департаменті Назарбаев отставкасынан соң да Американың Қазақстанмен арадағы “берік” қарым-қатынасы сақталатынына сенім білдірді”.

“Назарбаев жасаған транзит жоспарын Ресей басшысы Путин сияқты басқа автократтар да қызмет орнында, қуғында не түрмеде өлудің баламасы ретінде қолдануы мүмкін. Назарбаев биліктен мүлде кеткен соң оның қызы билікті сақтап қала ала ма, ол жағы белгісіз. Есесіне, [Назарбаевтың] немере інісі Самат Әбіш мемлекеттік қауіпсіздік саласында жылдам жоғарылап келеді және тағы біраз лауазымды тұғалар әрекет жасап көруі мүмкін” деп жазады New York Times.

НАЗАРБАЕВТЫҢ ЛИ КУАН ЮДЕН ҮШ АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ

“Австралия стратегиялық саясат институтының” The Strategist басылымы Project Syndicate жобасымен бірлесіп шығарған мақалада Нұрсұлтан Назарбаевтың президент кезіндегі жұмысына және билікті тапсыруына саяси баға береді. Қазақстан басшысы өзін Сингапурдың негізін қалаған Ли Куан Юмен жиі салыстырады.

Мақала авторы – Гарвард университетінің Ресей және Еуразияны зерттеу жөніндегі Дэвис орталығының аға ғылыми қызметкері Наргиз Касенова да Назарбаев пен Ли Куан Ю арасында параллель жүргізіп көріп, біраз айырмашылық тапқан.

“Назарбаевтың билік тізгінін толық босатпастан “кетуі” Сингапурдың негізін қалаған Ли Куан Юдың жартылай отставкасына ұқсайды, бірақ тәуелсіз Ресейдің тұңғыш президенті Борис Ельциннің 1999 жылғы биліктен және саяси өмірден толық кетуінен мүлде басқаша” дейді Касенова.

Автор “өзі құралыптас авторитар басшылардың қалай құлағанын көрген” Назарбаевтың “авторитаризмнің жақсы бейнесін қалыптастырған аз ғана топтың ішінде көш бастап тұрған” Ли Куан Юдың жолын қайталағысы келді деп тұжырымдайды. “Сондықтан биліктен кетіп, Қазақстанның жаңа басшыларына сенім арту – қиын шешім болған тәрізді. Жемқорлыққа қатысты дау-дамаймен кірлеген Назарбаев билігі Ли Куан Юдікіне қарағанда қайшылыққа толы” дейді сарапшы.

“Жеке басының қауіпсіздігімен қоса, Назарбаев мемлекет қайраткері және елдің негізін қалаушы ретіндегі мұрасын да сақтап қалғысы келеді. Бұл екі мақсаттың арасында тепе-теңдік табу қиын. Бұрынғы статусын сақтап қалып, қатаң экономикалық-саяси бақылауды жалғастыра берсе, оның қауіпсіздігіне кепілдік болар еді. Бір жағынан, оның жолын жалғастыру үшін даму мен өркендеуге мүмкіндік беретін реформалар жүргізу қажет. Бұған қордаланған ішкі мәселелер мен қауіпті әрі болжауы қиын халықаралық ахуал қосылып, қатерді күшейтіп отыр” деп санайды Наргиз Касенова.

Автордың айтуынша, Назарбаевтың басты кемшілігі – ол демократиялық саяси институттарды қалыптастыра алмады.

“Назарбаев Сингапур стиліндегі технократиялық басқару мен феодалдық ләппай қолдау жымдасқан саяси жүйе қалыптастырды. Иә, Қазақстанның кәсіби мемлекет құруда біраз жетістікке жеткені рас. Дегенмен Ли Куан Юдан айырмасы – Назарбаев бәсекелі саяси партия жүйесі және тәуелсіз сот жүйесі сияқты мықты институттар құра алмады. Бұл саяси транзитті анағұрлым қиындатып жібереді, себебі осы жолда институттарды құру қажет болады. Егер жаңа президент билікті тиімді түрде қолына жинай алмаса (бұл әбден мүмкін), онда ықпалды саяси тұлғалар көп шығуы ықтимал. Ал олардың арасындағы айырмашылықты жүйелеп отыратын саяси партиялар жоқ. Осы сценарий қалыптасқан жағдайда тіпті Назарбаевтың өзі бұдан болатын конфликтіні бақылай алмай қалуы мүмкін”.

ВИДЕО: Назарбаев демократия туралы тағы айтты. (18 сәуір 2018 жыл).

Назарбаевтың тағы бір кемшілігі – халық наразылығының себептерін зерттеп, талдап, лайықты шешім қабылдау механизмдерінің қалыптаспағаны дейді сарапшы.

“Жақында болған және қазір жүріп жатқан наразылықтар бұдан анағұрлым салмақты тербелістердің белгісі болуы мүмкін. Әзірге демократияны нақты талап етіп жатқандар байқалмағанымен, әлеуметтік әділетсіздікпен келіспейтіндер көбейіп келеді. Жедел шараларды былай қойғанда, қазір Қазақстанның халық наразылығын қарастырып, шешу механизмі жоқ”.

Қазақстанның тұңғыш президентінің Сингапурдың алғашқы басшысынан тағы басты айырмашылығы – жеке басқа табынуға жол беруі дейді Касенова.

“Қоғам қайраткерлері мен қарапайым азаматтар президенттің даналығы мен көрегендігіне, елге қызметі мен басқа да қасиеттеріне мадақ айтып жатыр. Елдің түкпір-түкпірінде оған арнап соғылған ескерткіштер бар. Ең беделді университет пен мектептер, Алматыдағы негізгі даңғыл, ел астанасы – Астанадағы әуежай Назарбаев отставкаға кеткенге дейін-ақ оның атымен аталған… Наурыздың 20-сында Қазақстанның парламенті астананы Нұр-Сұлтан етіп атауды қолдап дауыс берді (бұл дауыс берудің Конституцияға сәйкес жасалғанын әлі де тексеру қажет), көп қалалардың орталық көшелеріне Назарбаев есімі берілді. Бұл қоғамның кей бөліктерінің алаңдаушылығын туғызды, үкімет бұл реакцияға көз жұма қарамауы керек” дейді сарапшы.

ПУТИН НАЗАРБАЕВТЫҢ ЖОЛЫН ҚАЙТАЛАЙ МА?

Американың Foriegn Policy журналы “Путин қазақша отставканы қалайды” деген мақалада Ресей президенті Владимир Путиннің Назарбаев жасаған әдісті қолданып, президенттіктен жартылай “кетуі” мүмкін деген ой қорытады.

“Ресей мен Қазақстанның ортақ тұстары көп. Ұзақ билеген президенттердің транзит жоспарлары да неге ұқсас болмасқа? деп сұрақ қояды автор Александр Баунов.

“Президенттіктен кеткенімен, биліктің біршама тетігін қолында ұстау арқылы ол [Назарбаев] постсоветтік мемлекеттер ішінде саяси транзиттің жаңа үлгісін көрсетпек. Бұл экспериментті тек Қазақстанда ғана емес, Ресейде де жіті қадағалайды” деген сарапшы.

Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) және Ресей президенті Владимир Путин.

Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) және Ресей президенті Владимир Путин.

Автордың ойынша, Қазақстан мен Ресейдің саяси, экономикалық, әлеуметтік, демографиялық ұқсастықтары өте көп. Екі елдің де экономикалық жүйесі бірдей, оның үстіне жан басына шаққандағы ЖІӨ көлемі де шамалас.

“Қазақстанда бақылау күштірек, ал Ресейде аздап бостандық бар сияқты, дегенмен екеуі де сайланбалы авторитаризмнің мысалы бола алады, мұнда мемлекет басшысының легитимділігі көппартиялы болғанымен, бәсекесіз сайлау арқылы бекітіледі. Қазақстан да, Ресей де көпұлтты, көпдінді ел, мұнда еуропалық және дәстүрлі консервативтік құндылықтар ресми “еуразиялық” идеологиямен жымдасып жатыр. Екі елде де еркін баспасөзге аз ғана мүмкіндік берілген, ал онлайнда салыстырмалы түрде еркін пікірталас бар” деп салыстырады автор.

Ресей конституциясына сәйкес, Владимир Путин төртінші президенттік мерзімі аяқталған соң, яғни 2024 жылы биліктен кетуі керек. Сондықтан “Кремль алдағы бірнеше жыл бойы елдің бейресми басшысы мен билікті қалыптастырудың басты құралы – президент қызметін екіге бөлудің нәтижесі қандай болатынын бақылап көрмек” дейді сарапшы.

“Ықпалы мен байлығы бар Ресейді — ақша салынған сейф, ал ел басшысын қолында сол сейфтің кілті бар адам деп елесетіп көріңіз. Тағы бір кілт жасалып, оны екі адам бірдей аша алатын болды делік. Бөлшектенген жүйелердегі қосарланған бақылаудың қиындығы да – осы” дейді Александр Баунов.

Владимир Путин биліктегі рұқсат етілген екі мерзімі аяқталған соң орнынан кетіп, 2008-2012 жылдары Дмитрий Медведев президент қызметін атқарғаны белгілі. Бірақ бұл кезде “Путин президенттікке қайта келе ме, жоқ па?” деген сұрақ үнемі ашық тұрған. Сарапшының айтуынша, Қазақстанда да, Ресейде де енді мұндай сценарий қайталанбайды.

Назарбаев ерте сайлау өткізуді жоспарлап отырмағанға ұқсайды. Қауіпсіздік кеңесінің басшысы ретінде Нұрсұлтан Назарбаев өз орнын басатын мұрагерді осы аралықта таңдап, қызметке қоюды көздеп отырса керек. Дегенмен автордың айтуынша, Назарбаев әлі келесі президенттің кім болатынын шешпеген сыңайлы.

“Путиннің мұны қайталауына еш кедергі жоқ. Дегенмен, бұл стратегияның екі тәуекелі бар. Жаңа патшаны халықтың таққа отырғызуы рәсіміне ұқсайтын формалды сайлаудың өзі мұндай жағдайда үлкен мәнге ие болады. Біріншіден, сейфтің екінші кілтін қолына алатын адам – тақ мұрагері тым әлсіз я белгісіз болмауы керек. Әйтпесе, халық оған дауыс бермеуі немесе құлықсыз қолдауы мүмкін. Бұл бүкіл транзиттің легитимділігіне нұқсан келтіреді. Бұл әсіресе авторитаризм тұрақсыздау негізде құрылған Ресей үшін ерекше маңызды, әрі Путиннің тікелей қолдауы кандидаттың жергілікті сайлауда жеңіске жетуіне кепіл бола алмайды” деп жазады Foreign Policy.

Немістің Deutsche Welle телеарнасы да Ресейдің Қазақстаннан үлгі алу мүмкіндігін сарапқа салады. Арнаның вебсайтына шыққан материалда қазақстандық сарапшы Айдос Сарым “Ресейдің Қазақстан моделін көшіріп алуға мүмкіндігі жоқ” дейді.

“Ресейдегі билік бөлінісі өзгеше. Билік құрылымы әлдеқайда күрделі. Онда кландар Қазақстандағыдан анағұрлым көп, ал билік бір кланның қолында шоғырланған. Ресейде бір-бірін бауыздап тастауға әзір адамдар өте көп” деді сарапшы.

Ал мәскеулік сарапшы Алексей Куртовтың ойынша, Путин Назарбаевтың билікті өз еркімен беру сценариін қарастырмайтын сияқты. Оның айтуынша, Қазақстанда қазір болып жатқан жағдай 1999 жылғы Ельциннің биліктен кетуін еске түсіреді. “Борис Ельцин отставкаға кеткенде елдің президент әкімшілігін дәл сол клан әрі қарай басқара берді. Президент сайлауы жарияланғанда кандидаттар тізімі ұзақ болған жоқ. Тек жалғыз үміткер – Владимир Путин болды” дейді сарапшы. Путин Ельциннің қамқорлығында болды және ол өз қамқоршысы мен оның кланының ықпалы мен иммунитетіне кепілдік берді деп жазады Deutsche Welle.

Автордың айтуынша, бұрынғы Совет одағы кеңістігінде қазір Еуропа мен Еуразияның, яки демократия мен авторитаризмнің бәсекесі жүріп жатыр. Еуропа жағында – Украина, ал авторитаризм жағында Ресей тұр. Ал Қазақстан мен Ресей “авторитаризмді модернизациялау, яғни постсоветтік Сингапур не Оңтүстік Кореяға айналу” бойынша бәсекеге түсіп жатыр, әрі бұл бәйгеде Қазақстан жеңіп келеді дейді автор.

“Қазақстанда ағылшынтілді университет ашылды, мұнда ағылшынның жалпы құқығына негізделген экономикалық аймақ құрылды, үкімет өкілдерін Батысқа оқуға жіберіп жатыр, кирилл әліпбиі латын қарпіне ауысты. Әрі ешкім Қазақстанға санкция салған жоқ” деп қорытады Deutsche Welle.

Azattyq