Қазақстандағы АҚШ елшілігі Шыңжаңнан келгендердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырды

0
32
Сурет: Нұртай Лаханұлы

АҚШ-тың Нұр-Сұлтандағы елшілігінің өкілдері Шыңжаңнан келген Қайша Ақан мен Мұрагер Әлімұлы және тіркелмеген «Нағыз Атажұрт» ұйымының жетекшісі Бекзат Мақсұтханмен кездесті. Кездесу кезінде Қайша Ақан мен Мұрагер Әлімұлына жақында жасалған шабуылдың жай-жапсары да талқыланған.

«Шыңжаңдағы қуғын-сүргіннен қашуға мәжбүр болдық» деп мәлімдеген, былтыр Қазақстаннан босқын мәртебесін алған Қайша Ақан мен Мұрагер Әлімұлына қаңтар айының соңында белгісіз біреулер шабуыл жасаған. Полиция «Бұзақылық» бабымен қылмыстық іс қозғаған, бірақ істің қалай жылжып жатқаны бұған дейін хабарланбады.

Бекзат Мақсұтханның сөзіне қарағанда, шабуылдан шошынып қалған Қайша Ақан мен Мұрагер Әлімұлы содан бері өздерін қауіпсіз сезіне алмай жүр. Олардың қауіпсіздік мәселесі 6 наурыз күнгі АҚШ елшілігі өкілдерімен кездесу кезінде талқыланған. Шағын форматта кездесу барысында полицияның әрекеттері, жәбірленушілерге «қитұрқы сұрақтар қоюы», Мұрагер мен Қайша маңындағы белсенділерді «шабуылға күдікті» ретінде тануы да сөз болған. Ол өзін де полицияның «шабуылға қатысы болуы мүмкін күдікті ретінде» екі-үш күн тергегенін, телефонын тартып алмақ болғанын да айтты.

– Медеу аудандық полицияның бір қызметкері Қайшаны шабуыл болған күні жүрген жерлеріңді көрсет деп оны мен күйеуін машинаға отырғызып алып, видеоға түсірген. Бірақ бұларға видео түсіруіне тыйым салған. Кейінірек әлеуметтік желіде сол видеодағы кейбір көріністері алынып тасталған видео таралды. Ол жерде полициядан басқа ешкім видео түсірмеген еді. Бұған қоса, полиция Қайшаға ерлі-зайыптылардың қатынасына әсер ететін қитұрқы сұрақтар қойған. Осының бәрі кездесу кезінде айтылды, – деді Бекзат Мақсұтхан.

«Біз елшілік өкілдерінен қолдан келгенше көмектесулерін сұрадық» деді Азаттық тілшісіне кездесу жайлы қысқа қайырған Мұрагер Әлімұлы.

Ал АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі өкілдері Twitter-де кездесу туралы қысқа хабарлама таратты.

«АҚШ елшілігі өкілдері Шыңжаңдағы қуғын-сүргіннен қашқан қазақтармен кездесті. Олардың бастарынан кешкенін есту қажет және босқын мәртебесін алғандардың қауіпсіздіктерін қамтамасыз ету керек».

Қаңтар айының соңында бір күнде және бір мезгілде Алматы мен Нұр-Сұлтанда болған шабуылдың салдарынан Қайша Ақан басынан қатты жарақаттанып, Мұрагер Әлімұлының денесіне сызат түскен, темір зат тиген басы мен белі ауырған. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары қуғын көрген екі қазақтың шабуылға ұшырауынаалаңдаушылық білдірген.