Қазақстандағы адам құқықтары ахуалын сынаған еуродепуттарды СІМ «жағдаймен мұқият танысуға» шақырды

0

Қазақстан сыртқы істер министрлігі «Астана адам құқықтарын бұзады» деп қарар қабылдаған Еуропарламент депутаттарын «елдегі жағдаймен мұқият танысуға» шақырды. Бұл туралы министрлік informburo.kz агенттігіне берген ресми жауабында жазған.

14 наурызда Еуропарламент Қазақстандағы адам құқықтары мәселесі туралы резолюция қабылдаған. Әлгі құжатта Еуропарламент Қазақстан билігін «адам құқықтарын құрметтеп, халықаралық талаптарды орындауға, саяси қудалауларды тоқтатуға» шақырады.

Оқи отырыңыз: Резолюцияда не айтылған?

Қарар қабылданған соң екі аптадан кейін ресми пікір білдірген сыртқы істер министрлігі «Қазақстандағы шынайы саяси және әлеуметтік ахуал қандай екенін осында танысуы үшін еуродепутаттарды елге жиі шақыруымыз керек екен» деп жазады.

«Еуропарламенттің жаңа шақырылымдағы депутаттары Қазақстанның заң шығарушы органдармен белсенді түрде байланып, құжаттарды дайындауға мұқият қарайды деп сенеміз» деп жазады министрлік.

Сыртқы істер министрлігі ресми жауабында «27-28 ақпанда Женевада Қазақстанның екінші ұлттық баяндамасын қорғап, қазақстандық делегация Біріккен ұлттар ұйымы комитетінің мүшелерін елде жүргізіліп жатқан реформалармен таныстырды» деп жазады.

Министрлік «сарапшылар білім беру және денсаулық сақтау, гендерлік теңдікті арттыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, мүгедектер жағдайын жақсарту саласында ілгерілеу барын айтты» деп жазады.

Видео: «Билікте ұзақ отырған динозаврлармен жұмыс істеуді тоқтатуымыз керек»

14 наурызда Страсбургте (Франция) өткен Еуропарламент отырысында депутаттар резолюция қабылдамас бұрын, Қазақстандағы адам құқығы жайлы ойларын айтқан. Депутаттардың көбі Астана Еуропа одағы мен Қазақстан қол қойған кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім шарттарын орындамай отырғанын сынады. Резолюция авторларының бірі, ALDE партиясының өкілі Хайди Хаутала «Қазақстанда адам құқығының жағдайы жыл сайын нашарлап барады. Еуропа одағы тез арада шара қолдануы тиіс» деді.

Резолюцияны ұсынғандардың бірі, депутат Вольф Клинцтің айтуынша, «Қазақстан мен ЕО арасындағы келісімге үш жылдан асса да, Қазақстандағы адам құқығы жағдайы жақсармай тұр. Кейбір салаларда жағдай нашарлай түскен». «Адамдарды түрмеге қамайды, қинайды. Елде сөз бостандығы жоқ. Билік саяси қарсыластарын қудалайды» деді ол.

13 наурызда АҚШ мемлекеттік департаменті де өз есебінде Қазақстандағы адам құқығы жайын сынаған.

Azattyq