Қазақстанда жылдың үздік боксшысы анықталды
Қазақстан бокс федерациясы жылды қорытындылап, үздік боксшының, бапкердің және төрешінің есімдерін атады.
Үздік боксшы атағы Ақмола облысының намысын қорғайтын Теміртас Жүсіповке (48 келі) бұйырды. Теміртас биыл бесінші рет Қазақстан чемпионы атанған. Әйелдер арасында бұл атақты Жайне Шекербекова еншіледі. Жайна әлем чемпионатының күміс жүлдесін қанжығасына байлаған.
Теміртастың жеке бапкері Қуанышбай Көкішев үздік бапкер атағына лайық деп танылды. Сондай-ақ үздік бапкерлер қатарында жастар құрамасының жаттықтырушысы Ғалымбек Кенжебеков пен Асқар Еркебаев та бар.
Бокс федерациясының ұйғарымымен үздік төреші атағын AIBA халықаралық категориясын иеленген Арман Бүркітбаев жеңіп алды.
Абай Аймағамбет