Қазақстанда жүргізуші куәлігін өзімен бірге алып жүрмеуге рұқсат берілді

0
1047
Сурет: tirshilik-tynysy.kz

Сенаторлар жүргізуші куәлігі мен техникалық паспортты өзімен бірге алып жүру міндетін алып тастайтын заң қабылдады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Сенат спикерінің төрағалығымен палата отырысы өтті. Мәулен Әшімбаев VII шақырылымдағы парламенттің бірінші сессиясының ашылуында президент белгілеп берген міндеттердің маңызына назар аударды.

«Мемлекет басшысының реформаларын сапалы заңдармен қамтамасыз ету – Парламенттің басты міндеті. Президентіміз атап өткендей, қоғамды алаңдатқан мәселелер Парламентте талқылануы қажет. Парламент өзекті мәселелердің шешімін табатын орталыққа айналуға тиіс. Сондықтан әр заң жобасын талқылаған кезде қоғамның пікірін ескеруіміз керек», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ, сенат төрағасы палата жұмысына қоғамдық ұйымдар мен әлеуметтік топтардың өкілдерін, тиісті мамандарды кеңірек жұмылдыру қажет екенін, мұндай қадам заң шығару жұмысының және қабылданып жатқан заңдардың тиімділігін арттыратынын атап өтті.

Сенат отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»заңды қарап, қабылдады. Бұл құжат парламент депутаттарының бастамасымен әзірленді. Заңға көлік жүргізген кезде жүргізуші куәлігін және көліктің тіркеу құжаттарын өзіңмен бірге алып жүрмеуге мүмкіндік беретін нормалар енгізілді.

«Қабылданған заң мемлекет басшысының Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жұмысында жасаған ұсыныстары аясында әзірленді. Соған сәйкес, енді көлік жүргізгенде жүргізуші куәлігін және көліктің техникалық паспортын бірге алып жүру міндеті алынып тасталады. Бұл цифрландыру жұмыстарының нақты нәтижесі екені сөзсіз», – деді Сенат Төрағасы.

Сонымен қатар отырыс барысында сенаторлар «2007 жылғы 6 наурыздағы Қазақстан Республикасының үкіметі мен Грузия үкіметі арасындағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы», «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық қаржы корпорациясы арасындағы

Қазақстан Республикасында офистер құру және олардың қызметі туралы келісімді ратификациялау туралы» және «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің ядролық авария немесе радиациялық авариялық ахуалдың туындау жағдайына дайындықты және олардың зардаптарын жою кезіндегі өзара көмекті қамтамасыз ету бойынша өзара іс-қимылы туралы келісімді ратификациялау туралы» заңдарды қабылдады.