Қазақстанда жеті бірдей саяси партия тіркеуден өте алмады

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

4 0 0

2017 және 2018 жылдары Қазақстанда саяси партия тіркеуге бірде-бір өтініш түспесе, өткен жылы бірден жетеуі қарастырылған

НҰР-СҰЛТАН, 6 мамыр – Sputnik. Қазақстанның әділет министрлігі былтыр жеті жаңа саяси партияны тіркеуден бас тартты. Бұл туралы әділет вице-министрі Наталья Пан мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Айтуынша, 2018 және 2017 жылдармен салыстырғанда былтыр саяси белсенділіктің біршама өскені байқалған.

«Бүгінде тіркелмеген 7 саяси партия бар», — деді Пан мәжілістің отырысында.

Вице-министр партияларды тіркеуден бас тартудың себептерін атады.

«Жетеудің бесеуі бастамашы топтардың тізімін ұсынған жоқ. Біреуінде ұйымдастыру комитеті қызметінің мерзімі өтіп кеткен, ал заңда алты айлық мерзім қарастырылған. Осыған байланысты әділет министрлігі тіркеуден бас тартуға мәжбүр болады. Тағы бір бірлестік тексерістен өтіп жатыр. Оның мүшелері шетел азаматы, құқық қорғау органдарының қызметкері, әскери қызметкер, судья болмауы керек. Осындай шектеулер бар», — деді ол.

Айта кетсек, мәжіліс 6 мамырда «Парламент және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға өзгерістер енгізу туралы заң жобасын мақұлдады.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда саяси партияларды тіркеу жеңілдетіледі

Заң жобасымен «парламенттік оппозиция» ұғымы енгізіліп отыр. Құжатқа сәйкес, парламенттік оппозиция бір сессия ішінде кемінде бір рет парламенттік тыңдауға бастамашылық жасауға, үкіметтің заң жобасымен келіспеген жағдайда, балама заң жобасын енгізуге құқылы болады.



sputniknews.kz