Қазақстанда «Жеңіске 75 жыл» монеталары айналымға шықты

0

«Есте қалатын оқиғалар мен біртуар адамдар» сериясы аясында дайындалған монеталарды сату төтенше жағдайға байланысты кейінірек жүзеге асырылады

НҰР-СҰЛТАН, 27 наурыз – Sputnik. Қазақстан ұлттық банкі номиналы 500 теңгелік күмістен, 100 теңгелік МН25 мельхиор қоспасынан және  100 теңгелік нейзильбер қоспасынан «Жеңіске 75 жыл» коллекциялық монеталарын айналымға шығарды.

Монеталар «Есте қалатын оқиғалар мен біртуар адамдар» сериясы аясында шығарылған.

«Қазақстанда жарияланған төтенше жағдайға байланысты монеталарды сату кейінірек жүзеге асырылады. Сату күні туралы ақпарат ұлттық банктің ресми сайтында жарияланады», -делінген банктің хабарламасында.

«Жеңіске 75 жыл» монетасында кеңес жауынгерінің стильдендірілген бейнесі бар.


©
Photo : ҚР ұлттық банкінің баспасөз қызметі

«Жеңіске 75 жыл» коллекциялық монетасы

Алдыңғы жағында мәңгілік оттың бейнесі, оның жалынынан жер бетіндегі бейбітшілік үшін күрескен жауынгерлер өмірінің нышаны іспеттес көгершіндердің көкке самғаған бейнесі көрсетілген.

Композицияның оң бөлігінде – қалампыр гүлінің стильдендірілген бейнесі. Жоғарғы бөлігінде – мерейтойлық даталарды бөліп тұрған және жауынгердің бейнесін ұстап тұрған бес қырлы жұлдыз бейнеленген.

Монетаның реверсіндегі жазу кириллицада орындалған, бұл сол уақыттағы оқиғалармен тарихи байланысты баса көрсетеді.


©
Photo : ҚР ұлттық банкінің баспасөз қызметі

Монеталар коллекциялық құны бойынша сатуға арналған

Монетаның дизайнына Қазақстан ұлттық банкі өткізген «Жеңіс монетасын жаса!» республикалық конкурсы жеңімпаздарының идеялары пайдаланылды.

Күмістен номиналы 500 теңгелік 2 000 дана, МН25 мельхиор қоспасынан  100 теңгелік 8 000 дана, МНЦ 15-20 нейзильбер қоспасынан 100 теңгелік 100 000 дана монета дайындалды.

Монеталар коллекциялық құны бойынша сатуға арналған.

Тағы оқыңыз: Қазақстанда 8 процентпен кредит беріледі

Номиналы 500 теңгелік және 100 теңгелік коллекциялық монеталар Қазақстанның бүкіл аумағында олардың белгіленген құнымен қабылдануға, сондай-ақ банк шоттарына есепке жазылуға және аударылуға міндетті, Қазақстанның барлық банкінде шектеусіз ұсақталады және айырбасталады.

Күмістен дайындалған монеталар кәдесыйлық орамда шығарылады және Қазақстан ұлттық банкінің мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерінде нөмірлік сапа сертификатымен жабдықталған.

Мельхиор қоспасынан дайындалған монеталар арнайы полиграфиялық орамда шығарылады.



sputniknews.kz