Қазақстанда Желтоқсан мен Жаңаөзен құрбандарын еске алды

0

Желтоқсанның 16-сы, Тәуелсіздік мейрамы күні Қазақстанның бірнеше қаласында 1986 жылғы Желтоқсан және 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғаларының құрбандарын еске алды. Алматыда түскі сағат 12 шамасында белсенділер «Республика» алаңындағы Тәуелсіздік монументінің түбіне гүл қойып, құрбандардың рухына құран бағыштады.

Алматыдағы еске алу шарасына қатысқандар арасында Oyan, Qazaqstan жастар қозғалысының белсенділері, «Қазақстанның демократиялық партиясын» құру бойынша бастамашыл топ өкілдері және өзге белсенділер болды.

Еске алу шарасында Жаңаөзен оқиғасынан бері сегіз жыл өтсе де, оқиғаға әлі ресми түрде шынайы баға берілмегені, кінәлілердің жазаланбағаны айтылды. Бұған қоса, шара кезінде саяси жүйені өзгерту, жемқорлықты жою, әділ сот орнату қажеттігі айтылды.

Азаттық тікелей эфирде хабар таратып жатыр:

Нұр-Сұлтан, Шымкент және өзге қалаларда да еске алу шаралары өтіп жатыр.

Қазақстан қоғамы үшін мемлекет тәуелсіздігін жариялаған мереке күні ретінде атап өтілетін желтоқсанның 16-сы ел тарихында болған тағы екі оқиғамен маңызды. 1986 жылы желтоқсанда Мәскеудің шешіміне наразылық танытып, Алматыда бейбіт шеруге шыққан студент және жұмысшы қазақ жастарын билік күшпен таратып, кейін жүздеген адамды қуғынға салған. 2011 жылы Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында бірнеше айға созылған мұнайшылар ереуіліне полиция оқ атқан. Ресми дерек бойынша, Жаңаөзен мен Шетпедегі оқиғаларда 17 адам қаза тапқан.

Azattyq