Қазақстанда жалпы ішкі өнім өссе де, айлық жалақы неге көтерілмейді?
Жалпы ішкі өнім өссе де, халықтың айлық жалақысы неге көтерілмейді?
Статистика бойынша, соңғы 22 жылда Қазақстанда кедейлік деңгейіндегі халық саны бірнеше есеге азайған. Қараша айының басында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мадина Әбілқасымова үкімет отырысында: «1996 жылы кедейлік деңгейіндегі халық саны 34,6 пайыз болған. 2018 жылдың жарты жылдығында бұл көрсеткіш 4,7 пайызды құрады» — деп мәлімдеді. Біз Әбілқасымова ханым келтірген мәліметтерге күмән келтіруден аулақпыз әрине. Бірақ осыдан 20 жыл бұрынғы көрсеткішті қазіргі уақытпен салыстыру миға қонымды дүние деп айта алмаймыз. Жә, оны қойшы. Оданда өзіміздің негізгі тақырыбымызға оралайық.
Статистика комитетінің мәліметінше, Қазақстанда ЖІӨ 1996 жылдан бері тоқтаусыз өсіп келеді. Бірақ бір қызығы халықтың айлық жалақысы керсінше төмендеуде. Мысалы, 2015-2017 жылдары экономикалық өсім 6 пайызға көтерілген де, айлық жалақы 3 пайызға төмендеген. Бұл сырлы да, мұңлы жұмбақтың сыры неде деп ойлайсыз? Дәл таптыңыз! Шикізатқа құрылған «қара алтын инесінде отырған» экономикада.
«Халық финанс» инвестициялық компаниясының зерттеуі бойынша, 1998-2001 жылдары аралығында ЖІӨ-нің 42,1 пайызын шикізат экспорты құраған. 2008 жылы бұл көрсеткіш 53,3 пайызға жетіп, өзіндік рекорд орнатқан. Осы тұста көпшілік жұрттың басына «мұнай, газ, көмір, алтыннан түскен қаржы ел экономикасына қалай бөлінеді?» — деген сұрақ тууы мүмкін. Олай болса, бұл сұраққа да шамамыз келгенше жауап беріп көрейік.
Шикізат экспортынан түскен қаржы ел экономикасына сол шикізатты өндіріп, сатылымға шығаратын компаниялардың дипозиттері есебінде және несие ретінде бөлінеді. Ал Ұлттық қорға салық, экспорттық баж салығы есебінде түсетін қаржы ары қарай бюджет саласы қызметкерлеріне айлық жалақы есебінде берілсе, экономиканың өзге тармақтарына мемлекеттік бағдарламалар ретінде үлестіріледі. Дәл осы тұста «жалпы ішкі өнім өссе де, халықтың айлық жалақысы неге көтерілмейді?» деген сұраққа жауап беруіп кетудің орайы туып тұр.
Халықтың айлық жалақсы мен экономикалық өсім арасындағы айырмашылық дәл осы қаржы үйлестіруден басталады. Әлеуметтік зерттеулер бойынша, Қазақстанда ең көп жалақыны тау-кен өндірісі қызметкерлері алады. Бұл саладағы қызметкерлердің ең жоғарғы айлық жалақысы шамамен 341 775 теңге. Ал ауылшаруашылығы қызметкерлерінің ең жоғары айлық жалақысы 91 084 теңге. Айырмашылықты байқадыңыз ба? Байқасаңыз, енді бұған ауыл әкімшілігі мен мектебінде еден жуатын немесе қарауыл болып қызмет істейтін адамның 40-50 мың теңге жалақысын қосыңыз. Айырмашылық «жер мен көктей».
Негізінде Қазақстан халқының 70 пайызы ауылшаруашылығында, қызмет көрсету саласында және мемлекеттік қызметте жұмыс істейді. Бірақ Қазақстан экономикасы шикізат экспортына құрылып қана қоймай, экономикадағы мемлекеттің үлесі шамадан тыс көп болғандықтан аталмыш салалар кенже қалып келеді. Бұл өз кезегінде жоғарыдағыдай айырмашылықтардың туындауына алып келіп соғуда. Ел экономикасының шикізат экспортынан жақын аралықта арылмайтынын ескерсек, болашақта бұл айырмашылықтың арасы алшақтай беретіндігі анық.