Қазақстанда жалпы ішкі өнім 4,3%-ке дейін өсті
Қысқа сілтеме алу
Бұл өсімді сақтау үшін орталық және жергілікті атқарушы органдар жаңа инвестициялар тарту керек, деді министр Дәленов
НҰР-СҰЛТАН, 10 қыркүйек – Sputnik. Жыл басынан бері жалпы ішкі өнімнің өсімі 4,3%-ке дейін жетті. Бұл туралы бүгін ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
«Биыл тамызда ел экономикасы орнықты серпінді сақтады. Сегіз ай ішінде ЖІӨ өсуі 4,3% дейін үдеді. Халықаралық рейтинг агенттіктері еліміздің кредиттік рейтингін инвестициялық тартымдылық деңгейінде растауына оң ықпал етті. Өсудің басты факторлары – инвестициялық белсенділік және нақты сектордағы өндірістің ұлғаюы», — деді министр үкімет отырысында.
Министрдің айтуынша, инвестицияның өсімі 10,7%-ті құрады. Ең жоғары инвестициялық өсім ауыл шаруашылығы, құрылыс, сауда және өнеркәсіпте байқалды.
«Жылдық инфляция нысаналы дәліз шегінде сақталып, 5,5%-ті құрады», — деді ол.
Дәленов ЖІӨ-ді осы деңгейде (4,3%) сақтау үшін орталық және жергілікті атқарушы органдар келесі шараларды қаматамасыз етуі қажет екенін айтты.
Олар: негізгі капиталға салынған жаңа инвестицияларды тартуға жаңа серпін беру үшін нақты шаралар қабылдау; экономика салаларында қол жеткізілген қарқынды төмендетпеу; меморандум аясында бекітілген жалпы өңірлік өнімнің өсуін қамтамасыз ету; тұтынушы тауарларына, әсіресе күзгі-қысқы кезеңде жеміс-көкөніс тауарлары бағасының өсуіне жол бермеу.
Оның сөзінше, өнеркәсіп өндірісі жыл басынан бері 3,2%-ке дейін өсті. Өсу қарқыны жағынан өңдеу өнеркәсібі кен өндіру өнеркәсібінен алда тұр.
«Көмір өндіру бойынша жағдай айтарлықтай жағымды емес. Осы жылғы қаңтар-тамызда өндіріс көлемінің қысқаруы жалғасты. Төмендеу 3,0%-ті құрады», — деді Дәленов.
«Ал құрылыс секторы тұрақты қарқынмен дамып келеді. Орындалған жұмыстардың көлемі 11,8%-ке өскен.
«Қаңтар-шілдеде сыртқы сауда айналымы 1,7%-ке, 53,8 миллиард долларға дейін ұлғайды. Экспорт көлемі 32,9 миллиард долларға жетті. Импорт 20,9 миллиард долларды құрады», — деді министр.
sputniknews.kz