Қазақстанда жалақыны жыл сайын инфляция деңгейіне сәйкес көтеруді ұсынды — Қазақстан жаңалықтары

0

Қазақстанда жалақыны көтеруді бағаның өсуімен байланыстыру ұсынылды. Мұндай бастаманы Кәсіподақтар федерациясының өкілдері көтерді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап. 

жалақы

Олардың пікірінше, жұмыс берушілерге жыл сайын өз қызметкерлеріне жалақы көлемін ұлғайтуды міндеттеу және мұны заңнамалық деңгейде қабылдау керек.

«Біз Еңбек кодексіне, оның ішінде Қазақстан Республикасының Конституциясына қызметкерлердің жалақысын, сондай-ақ түрлі әлеуметтік төлемдерді тұрақты индекстеуді көздейтін нормаларды енгізу қажет деп санаймыз», — деді Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Сатыбалды Дәулеталин.

Егер бұл ұсыныс қабылданса, жұмыс берушілер жалақыны елдегі инфляция өскен сайын арттыруы тиіс болады. Кәсіподақ өкілдерінің пікірінше, бұл норма тек мемлекеттік құрылымдарда ғана емес, жеке кәсіпорындарда да орындалуы міндетті. 

Айта кетейік, Еңбек министрлігі бұл ұсынысты қолдады. Олар тіпті бұған дейін де осындай бастама көтергендерін айтты. Алайда, сол кезде жұмыс берушілер бірлестігі үзілді-кесілді қарсы шыққан.

 

stan.kz