Қазақстанда вакцинация паспортын қолдан жасаған дәрігерлер ұсталды
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет вакцинация паспорттарын қолдан жасаумен айналысқан медициналық қызметкерлерді үш өңірде ұстады. Бұл туралы агенттік басшысы Марат Ахметжанов мәлімдеді, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
«Жағдай вакцинация паспорттарын қолдан жасауға дейін барды. Кеше ғана еліміздің үш өңірінде оларды сатумен айналысатын медицина қызметкерлері ұсталды. Олар вакцина алмаған адамдарға құжат жасаған», — деп мәлімдеді Ахметжанов Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің алқа отырысында.
Агенттіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, ұстау операциясы Нұр-Сұлтан, Ақмола және Алматы облыстарында жүргізілген.
«Осы жалған вакцинация паспортын алған адамдар қасымызда, ғимаратта, көлікте бізбен жүруі мүмкін. Бұл жерде жемқорлық қана емес, сонымен қатар, халықтың қауіпсіздігіне қауіп төндіру де бар», — деді Ахметжанов.
Ол бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатынын атап өтті.
Бұған дейін ІІМ өкілдері алғашқы жарты жыл ішінде ішкі істер органдарының өндірісінде вакцинация паспорттарын қолдан жасау бойынша төрт қылмыстық іс болғанын мәлімдеген. Алматыда екі жағдай, Алматы және Ақмола облыстарында бір-бірден анықталған. Олар бойынша соталды тергеу жалғасып жатыр.