Қазақстанда үш күнде жол апатынан 20 адам опат болды

0
516

18-20 маусым күндері Қазақстанда болған бес жол апатынан 20 адам қаза тауып, ондаған адам жарақатпен ауруханаға түсті.

«ҚазТАГ» агенттігінің хабарлауынша, жексенбі, 20 маусым күні Түркістан облысы Созақ ауданында екі жеңіл көлік соғысып, жүргізушілердің екеуі де мерт болды. Олармен бірге көлікте болған бес жолаушы да қаза тапты. Бір адам ауыр жарақатпен аудандық аурухананың жан сақтау бөліміне түскен.

Содан бір күн бұрын Алматы облысында көлік апаты болып, онда да жеті адам опат болған. Toyota және Audi маркалы екі автокөлік соғысып, екі көліктің жүргізушісі және үш жолаушы оқиға орнында жан тапсырды. Тағы екі адам ауруханада жеткізілген соң көз жұмды.

Сол күні Ақтөбе облысында жолда келе жатқан көлік аударылып кетіп, жүргізуші мен жолаушы мерт болды, екі азамат жарақатпен ауруханаға түсті. Жергілікті басылымның хабарлауынша, көлікте болғандардың бәрі орта мектеп директорлары.

19 маусымға қараған түні Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласының түбінде бір адам қаза тауып, төртеуі ауруханаға жеткізілген.

Ал 18 маусымда Атырау облысында жеңіл көлік автобуспен соғысып, үш адам өліп, екі адам жарақат алды.

Аталған оқиғалар бойынша қылмыстық кодекстің 345-бабымен (Көлік жүргізушісінің жол ережесін бұзуы, осы әрекеттің кісі өліміне әкелуі) іс қозғалған.

Бас прокуратураның мәліметінше, Қазақстанда былтыр 13 515 жол апаты тіркеліп, 1997 адам қайтыс болған. Алдыңғы жылы көлік апатынан көз жұмғандар саны 2405 болған.