Қазақстанда туристік полиция жұмысқа кірісті

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

0 0 0

Бұл қызмет көші-қон полициясына қарайды. Оған ауысу үшін шет тілдерін білу керек

НҰР-СҰЛТАН, 24 маусым – Sputnik. Елордада туристік полиция үш нысанда кезекшілік жүргізеді. Оларға арнайы көлік құралдары да берілді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Туристік полицияның инспекторы, аға лейтенант Еркебұлан Жұмабаевтың айтуынша, аталған қызметтің негізгі міндеті – туристік нысандарға келетін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Мәселен, елордада туристік нысандарға Бәйтерек, «Қазақ елі» монументі және «ЭКСПО-2017» көрме аймағы жатады. Дәл сол жерлерде туристік полиция кезекшілік атқарады.

«Бұдан бөлек, біз туристік нысандарға келетін адамдардың жүріп-тұруына ыңғайлы жағдай жасаймыз. Шетелдік азаматтарға кеңес береміз. Мәселен, Бәйтеректе жүретін кейбір туристер «Қазақ елі» монументіне қалай бару керектігін, я болмаса, туристік автобустардың қай жерден жүретінін сұрайды. Енді, көбінесе, навигация жағынан көмекке жүгінеді. Бір рет аудандық полицияға аудармашы ретінде көмектестік», — деді Жұмабаев Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.

Инспектор Жұмабаевтың сөзіне қарағанда, туристік полиция жергілікті ішкі істер департаменттердің көші-қон полициясына қарайды. Бүгінде ондай құрылымдар төрт облыста жұмыс істейді.

«Білуімше, бүгінде туристік полиция Нұр-Сұлтан қаласында ғана емес, Алматы, Түркістан, Шығыс Қазақстан және Ақмола облыстарында бар. Елордада 15 адам болып істейміз. Есіл ауданында 10 адам қызмет атқарса, 5 қызметкер Алматы ауданында жүреді», — деп атап көрсетті Жұмабаев.


©
Photo : пресс- служба департамента полиции Алматинской области

Алматы облысындағы туристік полиция қызметкерлері

Туристік полицей болу үшін бірнеше тілді білу керек. Бірақ ағылшын тілін білсең де, осы қызметке ауысуға болады.

«Иә, бірнеше тілді білген жақсы. Бірақ негізгі талап – ағылшын тілі. Мысалы, біз тест тапсырдық. Сөйтіп, туристік полицияның қатарына қосылдық. Негізі, жұмыс қызықты. Біріншіден, шет тілін меңгеріп, оны шыңдап отыруға мүмкіндік бар. Екіншіден, елімізге келетін қонақтарға көмектесіп тұрасың. Енді, әрбір қызметтің өз қиындығы бар ғой. Бірақ дәл осы қызмет өте жақсы деуге болады», — дейді Жұмабаев.

Тағы оқыңыз: Полицейлерге қосымша құрал-жабдықтар беріледі

Туристік полицияға арнайы көлік құралдары – сигвей мен электрмобильдер берілді. Онымен тек жолаушылар жолағымен ғана жүруге рұқсат бар. Жолға шығуға болмайды.

«Бұл – туристік нысандарға арналған көлік құралдары. Онымен тек жаяужолмен ғана жүруге болады. Естеріңізде болса, дәл осындай көліктер ЭКСПО көрмесі кезінде жүрген болатын», — деді Жұмабаев.



sputniknews.kz