Қазақстанда төтенше жағдай режимі аяқталды — Қазақстан жаңалықтары
Қазақстанда 11 мамыр күні сағат 00:00-ден бастап коронавирус пандемиясы салдарынан енгізілген төтенше жағдай режимі аяқталды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
16 наурыздан бастап мемлекет басшысының тиісті жарлығына сәйкес Қазақстанда төтенше жағдай енгізілді. Атап айтқанда: «Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаңа COVID-19 коронавирусын пандемия деп жариялауына байланысты азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының барлық аумағында 2020 жылғы 16 наурыз-дағы 08 сағат 00 минут пен 2020 жылғы 15 сәуірдегі 07 сағат 00 минут кезеңінде төтенше жағдай енгізілсін», — деп көрсетілді.
Төтенше жағдайдың мынадай шаралар және уақытша шектеулер енгізілді:
1) қоғамдық тәртіптің сақталуы, аса маңызды мемлекеттік және стратегиялық, ерекше режимдік, режимдік және ерекше қорғалатын объектілердің, сондай-ақ халықтың тыныс-тіршілігін және көлік қызметінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін объектілердің күзетілуі күшейтілсін;
2) ірі сауда объектілерінің жұмыс істеуіне шектеу қойылсын;
3) сауда ойын-сауық орталықтарының, кинотеатрлардың, театрлардың, көрмелердің және адамдар көп жиналатын басқа да объектілердің қызметі тоқтатыла тұрсын;
4) карантин енгізілсін, санитариялық-эпидемияға қарсы ауқымды іс-шаралар, оның ішінде Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің және ішкі істер органдарының халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қызметті жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшелерінің қатысуымен жүзеге асырылсын;
5) ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды, сондай-ақ отбасылық, атаулы іс-шараларды өткізуге тыйым салынсын;
6) Қазақстан Республикасының және шет мемлекеттердің дипломатиялық қызметінің персоналын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің шақыруымен Қазақстан Республикасына келетін халықаралық ұйымдар делегацияларының мүшелерін қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағына көліктің барлық түрлерімен кіруге, сондай-ақ оның аумағынан шығуға шектеулер белгіленсін.
10 сәуірде Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен құқық қорғау органдарының басшыларымен бірге видеобайланысқа қатысып, төтенше жағдайдың сәуір айының соңына дейін ұзартылатынын мәлімдеді.
Алайда 27 сәуірде мемлекет басшысының төтенше жағдай режимін 11 мамырға дейін ұзарту туралы Жарлыққа қол қою шешімі туралы белгілі болды.
Президент еліміздегі ахуалға байланысты және мемлекеттік комиссияның ұсыныстарын негізге алып, төтенше жағдай режимін 11 мамырға дейін ұзарту туралы жарлық шығару жөнінде шешім қабылдапты.
Құжатқа 29 сәуірде қол қойылды. Оған сәйкес, ТЖ әрекеті 2020 жылғы 11 мамырда 00 сағат 00 минутқа дейін ұзартылды.
ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәлидің хабарлауынша, бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысын өткізеді.
» Жиын барысында Мемлекет басшысы коронавирустың қазіргі ахуалын саралап, Төтенше жағдай режимі аяқталғаннан кейінгі Үкімет пен басқа да мемлекеттік органдардың алдағы стратегиялық іс-әрекетін айқындайтын мәлімдеме жасауды жоспарлап отыр», — деп жазды Берік Уәли Facebook-те.
Төтенше жағдай режимін тоқтатылғанына қарамастан, елде карантиндік шектеулер сақталады.
«11 мамырда елорда өзінің бұрынғы карантин режимінде өмір сүретін болады. Бұл тек босаңсуды берген кәсіпорындардың қызметіне рұқсат етілетінін білдіреді. 11 мамыр күні блокпостар әзірге тазаланбайды және қоғамдық көлік іске қосылмайды», — деп хабарлады Нұр-сұлтан әкімінің баспасөз хатшысы Ақмарал Олжабаева.
Алматы қаласы әкімдігі жанындағы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі жедел штабта да «карантин режимі шеңберінде көзделген шектеу шаралары, атап айтқанда 11 мамырдан бастап штабтың ерекше өкіміне дейін жалғасатынын» хабарлады.
Айта кетейік, коронавирустың алғашқы жағдайлары Қазақстанда 2020 жылдың 13 наурызында тіркелген.
Соңғы мәліметтер бойынша елде 5090 адам коронавирус жұқтырды, оның ішінде көз жұмғандар — 31, ал 1941 адам сауығып кетті.
stan.kz