Қазақстанда тәртіпсіздік салдарынан кемінде 225 адам қаза тапты

0
1703

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте бас прокуратураның қылмыстық қудалау қызметінің бастығы Серік Шалабаев елдегі тәртіпсіздік салдарынан қанша адам қаза тапқаны туралы алғашқы алдын ала мәліметтерді айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Шалабаевтың айтуынша, бүгінгі таңда зардап шеккендердің саны 4578 адамды құрап отыр. «4353 адам жарақат алған. Оның ішінде 3393-і құқық қорғау органдарының қызметкерлері. ТЖ кезінде 225 адам мәйітханаға жеткізілген. Олардың бір бөлігі — терактілерге қатысқан, ғимараттар мен құқық қорғау қызметкерлеріне шабуыл жасаған қарулы бандиттер. Қаза болғандардың ішінде 19 полиция қызметкерлері және әскери қызметкерлер де бар», — деді Шалабаев. Ол бұның алдын ала деректер екенін ескертіп, қанша адамның үстінен қылмыстық іс қозғалғанын айтып өтті.

«Осы уақытқа дейін тергеу топтары 546 қылмыстық істі тергеуде, оның ішінде 44-і терроризм актілері, 34-і жаппай тәртіпсіздік, 15-і адам өлтіру фактісі бойынша қозғалған. Уақытша ұстау изоляторына қылмыс жасады деген күдікпен 672 адам қамалды. Оның 446-сы соттың санкциясымен қамауға алынды. Құжаттарды тексергеннен кейін және ұстауға негіз болмағандықтан, прокуратура органдары 100-ден астам азаматты босатты. Қазіргі уақытта қажетті тергеу амалдары жүргізілуде», — дейді Серік Шалабаев.