Қазақстанда соңғы алты жылда митингілер саны бес есе азайды

0

Қазақстандағы адам құқығы және заңдылықтың сақталуы жөніндегі халықаралық бюро Қазақстанда азаматтардың бейбіт жиын өткізу құқығы жайлы есеп жариялады.

Құқық қорғаушылар есебіне қарағанда, былтыр Қазақстанның сегіз қаласында 32 бейбіт жиын өткен. Бұл 36 митинг өткен 2017 жылғы көрсеткіштен аз. Бюро «алты жыл ішінде митингілер саны бес есе азайды» деп жазады. Есепте «былтыр өткен наразылықтың 69 пайызында – митингіге келген жалпы 536 адамның 331-ін полиция ұстап әкеткен» деп көрсетілген.

Бюро «рұқсат етілмеген жиынға қатысу бабымен былтыр 119 әкімшілік іс қозғалған» деп жазады.

«Жыл сайынғы есебімізде елде саяси сипаты бар митингілердің азайып келе жатқанын көрсететінбіз. Бірақ 2018 жылы бұл тенденция өзгеріп, саяси талаптар айтылған жиындар көбейді. Былтыр саяси – 14, экономикалық – 4, әлеуметтік сипаты бар 14 митингі өтті. Бірақ қазақстандықтардың митингіге қатысуы азайды» деп жазылған бюро есебінде.

Сондай-ақ құқық қорғаушылар «Полиция мен прокуратураның, соттың әрекеті заңға жиі қайшы келіп жатады. Наразылыққа шыққандар ешқашан заң аясында ұсталған емес. Полиция митинг өтіп жатқан маңда жүргендерді де ұстауды әдетке айналдырды» деп жазады.

Бюро 1995 жылы наурызда «Қазақстанда бейбіт жиын, митинг, шеру, пикет және демонстрация ұйымдастыру мен өткізу туралы» заңы қабылданған соң «биліктің митинг өткізуге тыйым салуды әдетке айналдырғанын» айтады.

Видео: 2018 жылы болған наразылықтар мен ұстаулар

​Еуропа парламентінің депутаттары 14 наурызда Нұр-Сұлтанды «мойнына алған халықаралық міндеттемелерін орындап, адам құқықтары мен олардың негізгі бостандықтарын сақтауға» және «барлық формадағы саяси қуғын-сүргінді тоқтатуға» шақырған қарар қабылдаған.

Онда «Қазақстан құқық қорғаушыларды, азаматтық қоғам ұйымдарын және оппозициялық саяси қозғалыстарды негізсіз қамау, репрессия жасау мен қуғындаудың барлық түрін тоқтатуы керек» деп жазылған.​

13 наурызда АҚШ мемлекеттік департаменті де өз есебінде Қазақстандағы адам құқығы жайын сынаған.

Оқи отырыңыз: Азаптау, саяси тұтқындар мен цензура

Human Rights Watch (HRW) халықаралық құқық қорғау ұйымы да былтыр Қазақстанда адам құқықтарының ахуалы жақсармағанын хабарлаған. Ұйым 17 қаңтарда жариялаған әлемдегі адам құқығының жай-күйі туралы жыл сайынғы есебінде Қазақстанда 2018 жылы сөз бостандығы мен азаматтардың жиын өткізу еркіндігі қатаң басып-жанышталғанын айтады.​

Azattyq