Қазақстанда шартты түрде бостандыққа шыққан қандықол қылмыскер тағы да үш әйелді өлтірді

0
10339

Шартты түрде бостандықта жүрген қандықол қылмыскер үш әйелді зорлап, өлтіріп тастаған. Бұл туралы “Немолчи.кз” қозғалысының басшысы Дина Таңсәрі жазды. 

Дина Таңсәрі құзіретті органдардың мұндай қылмыскерді бостандыққа жіберуін қателік деп санайтынын айтты.

“Рустам Кикнадзе 1980 жылы өмірге келген, Жамбыл облысының тумасы. Ол 2004 жылы Жамбыл облыстық сотының шешімімен бас бостандығынан айырылған. Сот оны қылмыстық кодекстің 96 бабы 2-тармағы бойынша 16 жылға соттаған”, – деп жазды ол.

Оған қоса, Кикнадзе зорлау бабы бойынша да айыпталған. Бірақ бұл бап бойынша ол ақталып, жазасын өтеу мерзімі 14 жылға дейін қысқарды.

“Жамбыл облысы Байзақ аудандық сотының 2013 жылғы 18 шілдедегі қаулысымен Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 70-бабына сәйкес Кикнадзе 2013 жылдың 15 тамызында шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған. Ол әйелді қатігездікпен өлтіріп, денесін өртеп жібергені үшін жазасын өтеп, шартты түрде босап шыққанан кейін, церебралды сал ауруы бар қызды зорлап, досын да қызды зорлауға мәжбүрлеген. Оған қоса, Кикнадзе қорғансыз қызды соққының астына алады”, – дейді Таңсәрі.

“Қарағанды ​​облысы Сәтбаев қалалық сотының 2014 жылғы 9 сәуірдегі үкімімен Кикнадзеге Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 120-бөлігі 2-бөлігінің «б» тармағымен 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, жиынтық үкімдер бойынша өтелмеген мерзім ішінара қосылды, ақыр соңында жазаны өтеу үшін арнайы режимдегі түзеу колониясында 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Артынша 2020 жылы Қарағанды ​​облысы Абай ауданының сот бұйрығымен шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған. Шартты түрде босап шыққан қандықол қылмыскер, бостандыққа шыққанан кейін тағы да бірнеше қылмыстар жасаған”, – дейді Дина Таңсәрі.

Кикнадзе 2020 жылдың 22 қазанында тағы бір әйелге шабуылдап, зорлық-зомбылық көрсетіп, оның әмияны мен ақшасын тартып алған. Ал 27 қазанда Людмиланың жиенін зорлап, өлтіріп тастаған. Келіншек әділдік іздеп “Немолчи.кз” қорына жүгінеді.

“Бұл әрекеттерге полицияның немқұрайлы қарағаны соншалық, егер Людмила дабыл қағып, қылмыскерді жазалауға тырыспаса, баспасөзде ақпарат тарамаса, біздің қор атсалыспаса, бұл қылмыс туралы ешкім де білмес еді. Біз Натальяның ісіне қатысты ешқандай әрекет болмағанына таң қалдық. Марқұмның туыстарының айтуы бойынша, алғашқы мойындауында Кикнадзе өзінің сыбайласы болғанын, ол Натальяның сүйіктісі болғанын және ол кісі өлтіргеннен кейін еден жуып, қылмыстың іздерін жасыруға тырысқанын, содан кейін барлық кінәні өз мойнына алғанын көрсеткен. Бірақ қыздың туыстары қылмысқа қатысы бар екі адам да жазасыз қалады деп қорқып, бізге жүгінді. Біз дереу Жамбыл облысының полициясына жүгіндік және Людмилаға хабарламасын жеткіздік”, – дейді Дина Таңсәрі.

4 қараша күні қыз өзінің жеке пәтерінде өлі күйінде табылған. Көршілері дәлізден өліктің исі шыға бастағанда төтенше жағдайлар қызметін шақырып, есікті бұздырған.

“Үйдің ішінде қыздің денесі жалаңаш күйінде жатқан. Тіпті іш киімдері шешілген болып шықты. Тінту жұмыстары кезінде пәтердің кілті болмаған, қызды біреу сыртынан жауып кеткені анықталды. Оған қоса пәтердегі төсек жабдықтары да болмай шықты. Соған қарағанда қылмыскер қызды зорлап, артынша өлтіргенін жасырмақ болған. Және пәтерден Натальяның ұялы телефоны да табылмады. Полиция бастапқыда қыз өзі қатты ішіп, маскүнемдікке салыну нәтижесінде көз жұмған деген болжам жасаған. Бірден оқиғаны адам өлтіру жағдайы ретінде тіркемеген. Нәтижесінде Натальядан кейін тағы да екі әйел дәл осы қандықол қылмыскердің қолынан көз жұмды”, – деп түсіндірді Дина Таңсәрі.

Кикнадзе 29 қазан күні кешке ер адамды тонап кетеді. 16 қарашада  77 жастағы зейнеткердің көзінше 1978 жылы туған әйелді зорлап, содан кейін екеуін де өлтірген.

Қазақстан Республикасының прокуроры мен ауыр қылмыс істері жөніндегі соты Кикнадзені өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады, бірақ сот 25 жылға бас бостандығынан айыруға шешім шығарды. Өтелмеген уақыты үшін тағы бір жыл берді. Алайда Дина Таңсәрі мұндай шешіммен келіспейтінін айтты.

“Кикнадзе өмір бойына түрмеге жабылуы керек. Қазақстанда әйелдер мен қыздардың өмірі түкке тұрғысыз, біздің елде зорлаушылар парламентке барып, балалардың құқықтары туралы заң қабылдайды. Бізде полиция қызметкерін өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айырады да,  әйел адамдарға мұндай қорлық көрсеткендерді мерзімінен бұрын босатады. Бұл әйелдерге қатысты гендерлік дискриминация, біз үкіммен келіспейміз және шартты түрде мерзімінен бұрын босату құқығынсыз өмір бақиға бас бостандығынан айыруды сұраймыз”, – дейді Дина Таңсәрі.