Қазақстанда сайлау өтіп жатыр: Қасым-Жомарт Тоқаев дауыс берді

0

Қасым-Жомарт Тоқаев «Астана Опера» теартында орналасқан сайлау учаскесіне келіп дауыс берді

НҰР-СҰЛТАН, 9 маусым – Sputnik. Қасым-Жомарт Тоқаев №115 сайлау учаскесінде дауыс берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Аталған учаске Нұр-Сұлтан қаласындағы «Астана Опера» театрында орналасқан. Бұл жерде таңата қауіпсіздік шаралары қолға алынып, келген адамдардың бәрін күзет қызметі арнайы құрылғылардан өткізіп жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаевтың дауыс беруін біраз отандық және халықаралық журналистер келді.

Учаскеде жасырын дауыс беруге арналған бес кабина бар. Біреуі мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған.


©
Sputnik / Арман Асқар

№115 сайлау учаскесі

№115 учаскеде бірінші болып дауыс берген сайлаушы – астаналық Әсел Қиянбекова. Ол дәл осы учаскеге Қасым-Жомарт Тоқаевтың келетінін білмеген.

«Мен Қасым-Жомарт Тоқаевтың дәл осы жерге келіп, дауыс беретінін білмеппін. Әрине, қуаныштымын. Сайлау — барша қазақстандықтар үшін аса маңызды шара. Бұл — алдағы бесжылдықтың болашағы ғана емес, жалпы келешегіміздің жауапты бір кезеңі, балаларымыздың болашағы. Сондықтан әрбір адам келіп, өз дауысын беруге міндетті деген ойдамын», — деп атап көрсетті Қиянбекова.


©
Sputnik / Арман Асқар

№115 учаскеде жасырын дауыс беруге арналған бес кабина бар, біреуі мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған

Президенттікке үміткерлер

Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан президенттігіне жеті кандидатты тіркеді:

  • Қазақстан коммунистік халық партиясы атынан Жамбыл Ахметбеков;
  • «Ақ жол» демократиялық партиясы атынан Дания Еспаева;
  • «Ұлт тағдыры» қозғалысы атынан Әміржан Қосанов;
  • «Ауыл» партиясы атынан Төлеутай Рақымбеков;
  • Кәсіподақтар федерациясы атынан Амангелді Таспихов;
  • Nur Otan партиясы атынан Қасым-Жомарт Тоқаев;
  • «Ұлы дала қырандары» қоғамдық бірлестігі атынан Сәдібек Түгел.



sputniknews.kz