Қазақстанда сайлау бюллетеніне «Бәріне қарсымын» бағаны енгізіледі

0

Мәжіліс ауыл әкімдерін сайлау, саяси партиялар шегін төмендету және сайлау бюллетеніне «Бәріне қарсымын» бағанын қосу туралы түзетулерді мақұлдады. Құжат сенатқа жіберілді.

Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар жобасын мақұлдады.

Конституциялық заңға аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің әкімін сайлауды тағайындау, оған қойылатын талаптар, осы лауазымдарға кандидаттарды ұсыну тәртібі туралы ұсыныстар енгізіледі. Саяси партиялардың әкімдікке кандидаттарды ұсынуы да, азаматтарды өзін-өзі ұсынуы да қарастырылады, ал өзін-өзі ұсынған үміткер оны қолдап тиісті мөлшерде қол жинауы керек.

Әкімге кандидаттарды (өзін-өзі ұсынған кандидаттарды) қолдауға қол жинау тәртібі, оларды тіркеу, кандидатураны кері қайтарып алу, кандидат ұсыну туралы шешімнің күшін жою, тіркеу мерзімі аяқталғаннан кейін әкімге кандидаттарды ұсыну, әкім сайлауындағы дауыстарды санау, осы сайлаудың нәтижелерін белгілеу және жариялау тәртібі белгіленді.

Сондай-ақ, заңда Мәжіліске өтудің шегі 7%-тен 5% дейін төмендетілді.