Қазақстанда қатерлі ісіктен көз жұматындардың дені – ерлер
Қысқа сілтеме алу
Обырға алғаш шалдыққандардың 60 процентке жуығы – 18 жастан 63 жасқа дейінгі адамдар
АСТАНА, 18 наурыз – Sputnik. Қазақстандықтар арасында сүт безі, өкпе және асқазан обыры кең таралған. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Министрдің айтуынша, 1 қаңтардағы жағдай бойынша елімізде қатерлі ісік диагнозымен 181 000 пациент диспансерлік бақылауда тұр.
Былтыр 35 753 адам алғаш рет есепке алынған, оның 44,3%-і – ерлер және 55,7%-і – әйелдер.
«Обырдан қайтыс болғандардың арасында ерлер 53,8%-ті құрайды. Қатерлі ісікке алғаш шалдыққандардың 60%-ке жуығы – 18 жастан 63 жасқа дейінгі еңбекке қабілетті жастағы адамдар», — деді Біртанов мәжілістегі үкімет сағатында.
Қазақстандықтар арасында қатерлі ісіктің кең таралған түрлері мыналар: сүт безі обыры (12,6%), өкпе обыры (9,9%), асқазан обыры (9,9%). Одан кейінгі орында – жатыр мойны қатерлі ісігі және тоқ ішек (4,7%) обыры.
«Өлімнің негізгі себептері – өкпе (16,5%), асқазан (11,5%) және сүт безі қатерлі ісігі», — деді министр.
sputniknews.kz