Қазақстанда қанттың қат өнімге айналуына кім кінәлі

0

Бір қолға екі келіден артық қант сатылмайды – дүкендердің бос сөрелеріндегі тақташалада осылай жазыла бастады қазір. «Қанттың өзі негізі зиян» деп кенет құбылып шыға келеді шенеуніктер. Диетолог па дерсің. Ал дүкендердің алдында қазір плиция қызметкерлері кезекшілікке тұра бастады. Енді қайтсін, дүкенге келген жұрт төбелесіп қалатын болған. Қант бұлай қат өнімге айналатын күнге қалай жеттік? 30 жыл бойы оның өндірісін жолға қоя алмай ай қарап жүрдік пе? Осынау күрделі сұрақтардың жауабын табу үшін Ulysmedia.kz порталының тілшісі Қазақстандағы қант өндірісінің тарихын шолып шықты.

Халық бұл бағаға да көне бастады

Ресей қантты сыртқа сатуды тоқтатып тастаған үш айдан бері қазақстандық шенеуніктер психотерапия сатысында жүр. Алдымен олар ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев пен сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың аузымен елде қант дефицті жоқтығын жасырмақ болған. Қантты жұрт іздеп таппай жүрген уақытта олар дүкен сөрелерінде ол өнімнің лық толып тұрғанын, керек болса тағы сатылып алынатынын айтқаны бар.

Кейін аталған министрлерден лауазымы төмендері, мәселен Сауда және игтергация министрлігінің сауда комитетінің төрағасы Ержан Қазанбаев «жемейтін болсақ, 5 келі қантты сатып алудың қажеті қанша» деп те мінез танытқан.

Бұдан кейін сауда басталды. Саудда министрлігі Ресей тарапынан тыйым болғандықтан, қанттың жетіспеушілігін аз да болсын мойындап, Бразилиядан қант әкелудің қиын екенін де айта бастады. Шенеуніктердің сөзіне сенсек, осы факторлар қант бағасының шарықтап шыға келуіне тікелей себеп болған. Сол себепті қант бар – бірақ оның келісін 320 теңгеден сатып ала алмайтынымыздың себебін шенеуніктер осы жағдаймен байланыстырғысы келді. «Сәл қымбат – 500 теңге» деді.

Министрлер «сәл» деп баға берген қымбатшылық көрсеткішінен шенеуніктердің мұрты да қисайған жоқ. Халық алаңдай бастады. Қантсыз тосап қайнатудың жолын іздеп кеткені де сол көпшіліктің.

Маусым ортасынан кейін халық қанттың бағасына көндіккендей болып, тұрақтандыру қорынан келетін қантты тауып алуға барын салып-ақ жатыр. 2-5 келіден артық сатпаса сатпай-ақ қойсын, тек аз да болса алсақ дейді олар.

Айтпақшы, ресми стастистикаға қарағанда, өткен жылдың маусымымен салыстырғанда дүкендерде қант 60,1% қымбаттап кеткен.

Әлемді шарлаймыз

Қант жыры Қазақстанда наурыздың ортасында басталды. Ол тұста Ресей кенет қыркүйекке дейін қант экспортына шектеу қоятынын жария еткен. Қазақстан дүкендеріндегі қанттың 57% импорттан келеді. Ал сол импорттың 80% Ресейден әкелінеді. Қазақстандағы зауыттар дәл қазір нарықтың 43% жауып отыр. Алайда Қазақстан даласында өсірілген қант қызылшасы, яғни қазақстандық шикізаттан бар-жоғы қанттың 10% өндіріледі. Қалған қанттың бәрі импорттық қант-шикізатынан жасалады.

Бір қызығы, бастапқыда, қазақстандық шенеуніктер отандық зауыттардың шынында да ел қажеттілігін толық жабатынына сенімді болған. Алайда Еуразиялық экономикалық одаққа кіргелі біз бірнеше жылдан бері бажсыз қант-шикізатының көлемін одақ нормасына сай лимитпен ғана кіргізуге мәжбүрміз. Тоннасын 320 долларлық кедендік бажбен әкелу, сол арқылы аталған төлемге көну дегеннің өзі банкротпен бара-бар. Сол себепті отандық зауыттар бірнеше жылдан бері жарты қуатпен ғана жұмыс істей алады. Сол себепті дәл қазір бажсыз кіргізу тәртібі отандық қант зауыттарының жұмысын жандандыруда таптырмас шешім болар еді.

Сөйтіп жүргенде проблеманың екіншісімен бетпе-бет келдік. Ол не десек, қант экспорты жағынан әлемдегі ең алпауыт Бразилияның өзі де экспортты шектегелі отыр екен. Ол жақта биоэтанол қымбаттап, Оңтүстік Америкада қант құрағын жаңа өнім ретінде шығару пайдалырақ болады деп шешсе керек.

Ақыры қант ешкімге жетпейтін жағдай туындады. Халық қазір қанттың әр келісі үшін бір-бірімен жаға жыртысуға дайын. Ал кондитерлік фабрикалар өндірісті азайтып жатыр. Әлбетте, мұндай жағдайда Сауда және интеграция министрлігінің қантты Қазақстанға бажсыз кіргізуді 31 қазанға дейін ұзарту әлбетте, жақсы естіледі. Алайда тосап қайнататын уақыт өте шыққан кезде қантты кім керек қылады?

Мінсіз жоспарлар! Тағы біреуі шықты

Шынтуайтында қант саласындағы проблемалар күні кеше басталған жоқ. Бизнестегі мәселелер жылдар бойы көзден таса жасырылып келді де, күндердің күнінде жараның беті жарылды.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің ұрандатқан мәлімдемелеріне қарамастан қант қызылшасын егу алаңы кейінгі үш жылда азайып барады.

Қазақстандағы қант қызылшасының жалпы жиымы (Ұлттық статистикалық бюроынң мәліметі):

Жыл  Жалпы жиым (ц)  Былтырмен салыстыр. %
 2021  3321805,1  71,2
2020  4663076  96
 2019  4854986,06  96,2
 2018  5045414,84  108,9
 2017  4631971,16  134,3
 2016  3450203,8  198,1
 2015  1741397  101

 «Қант қызылшасын өсіру оңай емес. Дән импорты, тыңайтқыштың қымбаттауы – бәрі күрделі. Онсыз өспейді. Өсіріп болғаннан кейін зауыттың өнімді арзан сұрайтыны жаман. Одан да егіп, бас қатырмаған дұрыс. Соя мен жүгері еккен әлдеқайда тиімді», — дейді Жетісу облысының фермері.

Аграршылардың сөзіне қарағанда, бір гектарға шығатын шығын қазіргі бағаны есептегенде 900 мың теңгені құрайды. Ал қант зауыттары қабылдайтын кезед бағаны өзгертуге асықпайды. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев биыл Жамбыл мен Алматы облыстарына барып қайтқан кезде келісімге қол жеткендей болған. Зауыт фермерге қызылшаның келісі үшін 15 теңге береді. Сонша ақшаны ауыл шаруашылығы министрі де субсидия ретінде беріп отыр.

Фермерлер бұл көмектің өзі шығым жақсы болған жылы да шығынды жабуға ғана жететінін айтады. Алайда бір жыл бұрын ғана қабылдау кезіндегі баға 12 теңге, ал үш жыл бұрын 8 теңге ғана болған. Ал мемлекеттен берілетін субсидия көлемі үш жылдан бері келісіне 10 теңгеден асқан жоқ.

Десе де бұл фактор қант қызылшасын өсіруде жалғыз кедергі емес. Ербол Қарашөкеевтің түсіндіруіне қарағанда оңтүстік облыстардағы аграршыларға су жетпейді. Ал қант қызылшасын ылғи суарып өсіру керек. Сол себепті аграрлы ведомство алдағы бес жылға арналған қызылша шаруашылығын дамыту бағдарламасын әзірлеген. Оның шеңберінде тек өсірілген қызылшаның әр келісі ғана емес, бұрғыланған скважиналар, тіпті су қорын барлауға дейін субсидия бөлінгелі жатыр. Бағдарламаның мақсаты әдеттегідей ауқымды – алдағы бес жылда отандық қант зауыттарын отандық шикізатпен толық қамту.

Осындай монополия

Алайда зауыттардың өзі осы бастамаларға қарсы емес пе деген сұрақ туындайды. Өндірушілердің өздері таратқан ақпаратқа сәйкес, бір тонна қызылшадан шамамен 100-120 келі қант шығады. Қалған қалдықты малға беруге болады. Алайда бұл арты шаруа. Ал қант-шикізатының тоннасынан 980 келі қант шығады. Яғни бұл – қалдық ретінде ештеңе қалмайтын өндіріс. Сол себепті әлбетте, зауыттар ең бірінші кезекте қалдық қалмайтын қант құрағымен жұмыс істегенді қолай көреді.

«Қант зауыты – монополист. Біз өсірген қызылшамызда басқа ешқайда өткізе алмаймыз. Міне, олар соны пайдаланады», — деп налиды сала фермерлері.

«Рахат және Ко» корпорациясы

Қант нарығындағы монополия тоқсаныншы жылдары, «құдіретті» Рахат Әлиев бұл бизнеске кірген кезде қалыптасып қойған. Оның «Қант орталығы» компаниясында 6 қазақстандық және 2 ресейлік зауыт болды. Ресми түрде, елде тағы 3 тәуелсіз кәсіпорын болған, бірақ көп ұзамай олардың құрылтайшылары түрлі алаяқтыққа ұшырап, нарық толығымен Рахат Әлиевтің қолына өтті.

Әлиевтің өзі қылмыскер деп танылғаннан кейін, қант бизнесі Дариға Назарбаеваның уысына түсті. Бірақ 2007 жылы ол «Кант» АҚ-тағы өз үлесін Британдық gas Development ЖШС компаниясына сатты. Ресми ақпарат бойынша, дәл осы қант зауыттарын сатудан түскен ақшаға Дариға Нұрсұлтанқызы Лондонда жылжымайтын мүлік сатып алған. Сол кездегі қант нарығының ірі ойыншысы Сұлтан Есенов басқарған «Алматы қант» компаниясы бар-тын. Оны Ғалымжан Есеновтың туған ағасы, сол жылдары ауыл шаруашылығы министрі болған Ахметжан Есімовтың күйеу баласы басқарды.

2009 жылы 6 қазақстандық қант зауыты – Тараз, Меркі, Боралдай, Көксу, Ескелді және Алакөл Орталық Азия қант компаниядары «ЦАСК» ЖШС-ға бірігу жөнінде шешім қабылдады. «Отбасынан» шыққан адамдар қант бизнесінің соңғы бенефициарлары болды ма, жоқ па белгісіз, бірақ ЦАСК кәсіпорындарына жылыжай жағдайлары жасалды. Сол кездің өзінде қызылша өсіретін ресейліктер Бразилиядан шикі қантты тек кедендік баж салығын төлеу арқылы экспорттауға болады деп сендірді. Бірақ қазақстандық тарап 2019 жылға дейін шикізатты бажсыз әкелу құқығын қорғады. 10 жыл ішінде Қазақстанда қызылша өсіру қолға алынады деп жоспарланған. Алайда…

Бірақ 2015 жылға қарай, біріншіден, ЦАСК-тың монополист екені белгілі болды, екіншіден, қант зауыттары шикізат базасын құруға аса құлшыныс танытпады. ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігі тіпті компанияны монополиясыздандыруды бәсекелестікті дамыту, монополиясыздандыру және экономиканың негізгі салаларындағы кедергілерді жою жөніндегі 2015-2016 жылдарға арналған кешенді жоспарға енгізді. Осыдан кейін оны таратып та тастады. «Жетісу» ӘКК Көксу қант зауытын жаңғыртуға 5 млрд теңге салды, қазір «Көксу Кант» ең алдымен қант қызылшасына бағдарланған.

Мемлекеттік кірістер комитетінің деректері бойынша, «Орталық-Азиялық қант компаниясы» ЖШС (ЦАСК) бар болғанымен қатар, салықты үзбей төлейді. Мәселен, өткен жылы ЦАСК мемлекетке 45 млн теңге төлеген. Кәсіпорынды Қайрат Үсенов басқарады. Оның артында «Боралдай қант зауыты» ЖШС тұр.

Ал «Көксу қант» басшылығы өткен жылдың соңында тұрғындарды қысқы уақытта жұмыспен қамтамасыз ету үшін шикі қантта жұмыс істейтін желіні іске қосу бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын хабарлады. Бұл жерде мүлде түсініксіз болып тұрғаны – қант зауыты елдегі қант қызылшасын дамыту перспективаларына аса сенбей ме, әлде ЦАСК-тың Азық-түлік қауіпсіздігі және Қант өндірісінің толыққанды саласын құру сияқты «ұсақ-түйектер» емес, ең алдымен зауыттың рентабельділігі маңызды деген идеялары әлі де «тірі ме» – ұғынықсыз болып тұр.