Қазақстанда қалааралық автобустар жүре бастады

0

Өңірлер

Қысқа сілтеме алу

7 0 0

Астанадағы «Сапаржай» автовокзалы ұзақ үзілістен кейін жолаушылар вокзалға қарай ағылады деп күтіп отыр. Алғашқы кезеңде 120 маршруттың 34-і іске қосылады

НҰР-СҰЛТАН, 5 маусым – Sputnik. Қазақстанда 5 маусымнан бастап қалааралық автобус тасымалы жанданды. Жолаушылар тек маскамен кіргізіледі, ал көлік ең соңғы аялдамада дезинфекциядан өтуі қажет.

Қазақстандықтар қайда асығады

Елордадағы «Сапаржай» автовокзалы жолаушылар ұзақ үзілістен кейін билет алу үшін вокзалға ағылады деп күтіп отыр. Әзірге онлайн түрде 60-70 билет сатылған. Бұл туралы Sputnik Қазақстанға  «Сапаржай-Астана» ЖШС жолаушылар тасымалын ұйымдастыру бөлімінің басшысы Жұмаш Әбдірахманов айтты.

«Алғашқы кезеңде біз 34 маршрутты, атап айтсақ, Алматы, Шымкент, Қызылорда, Семей, Өскемен, Петропавл, Көкшетау, Ақмола облысына баратын рейстерді іске қосамыз. Бізде 120 бағдар, 64-ке жуық тасымалдаушы. Қалған маршруттардың қашан іске қосылатыны тасымалдаушыларға байланысты. Мұны біз шешпейміз, біздің өз автобустарымыз жоқ, біз тек қызмет көрсетеміз», — деді Әбдірахманов.

Автовокзал 5 маусымда кісі қарасы қалың болады деп санайды, қазақстандықтардың көбі билетті кассадан сатып алып үйренген.

«60-70 билет онлайн сатылды. Бірақ, біз 5 маусымда клиенттер көп келеді деп күтіп отырмыз. Билеттер барлық отыратын орынға сатылады. Ал салонға кіргізерде, ара қашықтық сақталуы тиіс», — деді бөлім басшысы.

5 маусымда Семейден автобустар шықпайды

Қазақстанда барлық автовокзал есігін айқара ашқанмен, 5 маусымда Семейден автобустар шыға алмайды, деді Жұмаш Әбдірахманов.

«Ол жақта блокбекеттер 6 маусымда алынады. Бірақ, біз елордадан Семейге рейс жібере аламыз, өйткені автобус 6 маусымда бір-ақ жетеді», — деп нақтылады ол.

Шығыс Қазақстанда карантин режимі 13 маусымға дейін созылған, ал 6 маусымнан шаралар жеңілдетіледі.

Жүргізушілер қалай тексеріледі

Әр рейс алдында жүргізушілердің дене қызуы мен қысымын өлшейді.

«Бізде медициналық бекет бар, ол жерде міндетті түрде тексерістен өту керек. Ал көлік, әрине, дезинфекцияланады», — деді ол.

Тағы оқыңыз: 1 маусымнан бастап қазақстандықтардың өмірінде не өзгереді

Әбдірахмановтың айтуынша, коронавирус індетінен автовокзалдар шығынға батып жатыр.

«Шығын аз емес. Біздің жұмысшылар үш ай бойы үйде отыр. Жағдай тұрақталып, жұмыс толығымен қалпына келеді деген үміттеміз. Халықаралық рейстер әзірге ашылмайды», — деді ол.

Қалааралық автобустардағы жаңа ережелер

Вирустың таралуына жол бермеу мақсатында көліктерде жаңа қауіпсіздік ережелері қарастырылған.

  • жолаушылар арасында кемінде бір метр ара қашықтықты сақтау;
  • автобустарда дезинфекция жүргізу;
  • жолаушыларды салонға тек маскамен кіргізу;
  • жүргізушілерді бетперде және қолғаппен қамтамасыз ету және оларды әр екі сағат сайын ауыстыру;
  • автопарк қызметкерлері екі аптада бір рет коронавирусқа тест тапсырып тұруы қажет.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда барлығы 313 қалааралық маршрут бар,  88 тасымалдаушы 610 автобуспен жұмыс істейді.



sputniknews.kz