Қазақстанда президенттікке үміткерлерді ұсыну кезеңі аяқталады

0

Орталық сайлау комиссиясының кезектен тыс президент сайлауын өткізу бойынша күнтізбелік жоспарына сәйкес, сәуірдің 28-і күні кешкі сағат 18:00-де саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар атынан президент сайлауына үміткерлер ұсыну кезеңі аяқталады.

Үміткерлерді ұсыну кезеңі сәуірдің 10-ында басталса да, ең алғашқы кандидаттың есімі тек 22 наурызда ғана белгілі болды.

Сәдібек Түгел.

Сәдібек Түгел.

Дүйсенбі, сәуірдің 22-сі күні орталық сайлау комиссиясы президент сайлауына қатысуға ниет білдірген журналист Сәдібек Түгелдің құжаттар тапсырғанын хабарлады. Оны «Ұлы дала қырандары» республикалық қозғалысы ұсынған.

Сәуірдің 23-і күні «Нұр Отан» партиясының съезінде партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев президент сайлауына үміткер ретінде Қасым-Жомарт Тоқаев кандидатурасын ұсынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев.

Партия мүшелері оның ұсынысын бірауыздан қолдады.

Съезде Тоқаевқа сенетінін айтқан Назарбаев оны «бұл қызметке ең лайықты кандидат» деп атаған.

Сәуірдің 24-і күні Қазақстан Республикасы кәсіподақтар федерациясы (ҚРКФ) 9 маусымда өтетін кезектен тыс президент сайлауына Батыс Қазақстан облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Амангелді Таспиховты кандидат ретінде ұсынды.

Амангелді Таспихов.

Амангелді Таспихов.

24 сәуірде өткен федерация жиыны кезінде ұйым өкілдері Таспиховтың кандидатурасын мақұлдаған. Бұл ақпарат ҚРКФ-ның ресми сайтында хабарланды.

Дәл сол күні «Ақ жол» партиясы 9 маусымда өтетін президент сайлауына кандидат ретінде мәжіліс депутаты Дания Еспаеваны ұсынды. Ол Қазақстандағы президент сайлауына түсетін алғашқы әйел кандидат болмақ.

Дания Еспаева

Дания Еспаева

​Партия мүшелерінің бірі Еспаевадан «не үшін сайлауға түспексіз?» деп сұрады. Еспаева партия пленумында кейбір адамдардың «қазақта әйел алда жүрмеуі тиіс, әйел өз орын білуі керек» деген сөзі «шамына тигенін» айтты. Ол Қазақстанда жемқорлық үшін сотталғандардың басым бөлігі ерлер екенін, әйелдер жүрген жерде «тәртіп барын» жеткізді.

Сәуірдің 25-і күні «Ауыл» партиясы бұрынғы ауыл шаруашылық вице-министрі Төлеутай Рақымбековті кандидат ретінде ұсынды.

Төлеутай Рақымбеков.

Төлеутай Рақымбеков.

Ол партия жиынында Қазақстан халқының 43 пайызы ауылдық жерлерде тұратынын айтып, елдегі ең маңызды мәселе ауыл халқының жағдайы екенін айтқан. Ол президент болса, көп балалы аналар мәселесін, ауыл шаруашылығы проблемаларын шешуге күш салатынын жеткізген.​

Қазақстан коммунистік халық партиясы 26 сәуір күні болған партия съезінде мәжіліс депутаты Жамбыл Ахметбековті кандидат ретінде ұсынды.

Жамбыл Ахметбеков

Жамбыл Ахметбеков

Ол 2011 жылы да кезектен тыс президент сайлауына қатысқан. Платформасындағы басты мәселелерге тоқталған Ахметбеков кедейшілікпен күреске баса мән беретінін айтқан. Еуразия экономикалық одағы (ЕАЭО) асында көрші елдермен экономикалық интеграцияны нығайтуды қолдайтынын да жеткізген.

Қазақстанның саяси кеңістігінде өздерін оппозициялық күш ретінде көрсетіп жүрген Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы сәуірдің 26-сы күнгі 14-съезінде сайлауға қатыспай, бойкот жариялау туралы шешім қабылдады.

ЖСДП бұрынғы жетекшісі Жармахан Тұяқбай (оң жақта) және партияның жаңадан сайланған төрағасы Ермұрат Бапи.

ЖСДП бұрынғы жетекшісі Жармахан Тұяқбай (оң жақта) және партияның жаңадан сайланған төрағасы Ермұрат Бапи.

Бұған дейін партияның саяси кеңесі «Дат» газеттер жобасының жетекшісі, журналист Ермұрат Бапиды үміткер ретінде ұсынғанын хабарлаған. Алайда съезд кезінде партия мүшелерінің басым бөлігі билікті «сайлауда дауыс ұрлайды» деп айыптап, сайлауға бойкот жариялау қажеттігін айтты. Кейінірек Ермұрат Бапидың өзі де съезд шешімін қолдап, кандидаттықтан бас тартты.

Дәл осы күні «Ұлт тағдыры» қозғалысы да жиын өткізіп, сайлауға қатысатындарын мәлімдеді. Қозғалыс өкілдерінің шешімін көпке жеткізген ұйым жетекшісі Дос Көшім қозғалыс атынан саясаткер Әміржан Қосановтың кезектен тыс президент сайлауына қатысатынын мәлімдеді.

Әміржан Қосанов.

Әміржан Қосанов.

Қосанов егер кандидат ретінде тіркеліп жатса, басты саяси қарсыласы ретінде қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевты санайтынын айтты. Ол елдегі барлық мәселелердің түп-тамыры – ел Конституциясында екенін айтып, президент болса, тең дәрежедегі билік бөлінісін қамтамасыз ететін Конституцияның алғашқы нұсқасына оралуға күш салатынын жеткізді.

Сәуірдің 27-сі күні орталық сайлау комиссиясына үміткер ретінде құжат тапсырған сегізінші канидаттың аты-жөні белгілі болды.

Талғат Ерғалиев.

Талғат Ерғалиев.

Орталық сайлау комиссиясының дерегі бойынша, мәжілістің бұрынғы депутаты, «Ақ жол» партиясының мүшесі Талғат Ерғалиевті «Қазақстанның құрылысшылар одағы» заңды тұлғалар республикалық бірлестігі ұсынған.

24 сәуір күнгі «Ақ жол» партиясының съезінде Талғат Ерғалиевтің аты партия атынан сайлауға түсуі мүмкін үміткерлер тізімінде болған, бірақ партия мүшелерінің көбі Дания Еспаеваны қолдап, дауыс берген.

Енді президенттіктен үміткерлер сайлаушылардың қолын жинауы тиіс. Орталық сайлау комиссиясының дерегінше, Қазақстанда 11 814 019 азаматтың дауыс беруге құқығы бар.

Заң бойынша, президенттіктен үміткерді сайлаушылардың кемінде бір пайызы қолдауы тиіс, яғни, әрбір кандидаттың 118 140 қол жинауы керек болады. Олардың қол жинауға 11 мамырға дейін уақыты бар. Кандидаттарды тіркеу мамырдың 11-і кешкі сағат 18:00-ге дейін жалғасады. Кандидаттарды тіркеу кезеңі аяқталған соң үгіт-насихат кезеңі басталады және сайлауға бір күн қалғанда аяқталады.

Дерек бойынша, сайлау өткізуге бюджеттен 9,4 миллиард теңге бөлінеді. Бұл қаражат республика бойынша ашылатын 10 мыңға жуық сайлау учаскесінің жұмысын ұйымдастыруға жұмсалады. Учаскелерде 70 мыңға жуық адам істейді.

Қарай отырыңыз: Президент сайлауы қалай өтеді?

Қазақстанды отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев биыл наурыздың 19-ы күні президенттік өкілетін тоқтататынын кенеттен мәлімдеп, сол кезге дейін сенат спикері болған Қасым-Жомарт Тоқаевты орнына уақытша президент етіп қалдырған. Ал сәуірдің 9-ы күні Тоқаев Қазақстанда биыл маусымның 9-ы күні кезектен тыс президент сайлауы өтетінін жариялаған.​

Қазақстанда президент сайлаулары 1991, 1999, 2005, 2011 және 2015 жылы өткен. Олардың үшеуі кезектен тыс болды. Барлығында елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев жеңген. Батыс бақылаушылары Қазақстандағы президент сайлауларының ешқайсысын халықаралық стандартқа сәйкес өтті деп таныған жоқ.

Azattyq

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз