Қазақстанда президент сайлауы өтіп жатыр

0

Маусымның 9-ы күні Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы басталды. Елде сайлау учаскелері жергілікті уақытпен таңертеңгі сағат 7.00-де ашылды, олар сағат 20.00-ге (48 учаске таңертең сағат 6.00-да ашылды) дейін істейді.

Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) мәліметінше, ел аумағында 9 970 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Қазақстаннан тыс жерде 51 елде 65 сайлау учаскесі ашылған.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі 9 маусымда алғаш болып Жапония және Оңтүстік Кореядағы сайлау учаскелерінде Қазақстан азаматтары дауыс бергенін хабарлады. Алдын ала дерек бойынша, Қазақстаннан тыс жерде 13 мың қазақстандық бар.

ОСК дерегінше, Қазақстанда дауыс беруге құқығына ие 12 миллионға жуық сайлаушы бар.

Қазақстанды отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев биыл наурыздың 19-ы күні президенттік өкілетін тоқтататынын кенеттен мәлімдеп, сол кезге дейін сенат төрағасы болған Қасым-Жомарт Тоқаевты орнына уақытша президент етіп қалдырған. Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева сенат төрағасы болып сайланған. Сәуірдің 9-ы күні Тоқаев Қазақстанда биыл маусымның 9-ы күні кезектен тыс президент сайлауы өтетінін жариялаған.​

Қазақстанда президент сайлаулары 1991, 1999, 2005, 2011 және 2015 жылы өткен. Олардың үшеуі кезектен тыс болды. Барлығында елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев жеңген. Батыс бақылаушылары Қазақстандағы президент сайлауларының ешқайсысын халықаралық стандартқа сәйкес өтті деп таныған жоқ.

Azattyq