Қазақстанда орыс тілі орталығы ашыла ма?

0

Үстіміздегі жылдың 24 ақпаны Ресей Украина еліне соғыс ашып, жеріне басып кіріп жатқанда Қазақстанның астанасында Еуразия үкіметаралық кеңесі өтіп жатты. Жиынға келген РФ үкіметінің төрағасы елімізде халықаралық орыс тілі орталығын ашу жайлы келісіп кетті деп хабарлайды KZNEWS.KZ  жаңалықтар поталы Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасай отырып.

Михаил Мишустин бұл қадамды әлемде 250 миллион адам орыс тілінде сөйлейтінімен түсіндірген. Осылайша Қазақстанда орыс тілін дамыту орталығын ашу туралы келісімге қол қойылғаны хаттамада көрсетілген. Сондай-ақ, Мәскеуде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалы жұмыс істемек. Атап өтерлік жайт, кеңестің ресми қорытынды құжаттары арасында бұл уағдаластықтар туралы ештеңе айтылмаған.
Еске сала кетсек, өткен жылдың тамызында келгенде де, Мишустин ҚР басшылығына орыс тіліне ерекше көзқарасы үшін алғысын білдірген болатын.

«Сізге және Қазақстан басшылығына орыс тіліне деген ықыласыңыз үшін алғысымды білдіргім келеді. Қазақстанда орыс тілі ресми мәртебеге ие және мемлекетаралық және ұлтаралық қарым-қатынастың негізгі құралы болып табылады, біздің көпжоспарлы байланыстарымызды нығайтуға ықпал етеді», — деді сол кездегі Қазақстан премьер-министрі Асқар Маминмен кездесуінде Ресейдің үкімет жетекшісі.

Сонымен бірге, Ресей Министрлер Кабинетінің баспасөз қызметі хабарлағандай, тараптар «жоғары білім беру ұйымдарының филиалдарын құру және олардың жұмыс істеуі туралы» келісімге қол қойды.
Естеріңізге сала кетейік, 21 қаңтарда Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру жүйесін қайта форматтау қажеттілігі туралы пікірімен бөлісті. Ол Қазақстанда техникалық мамандықтар бойынша әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының бірнеше филиалын ашу, жас қазақтарды шетелде техникалық мамандықтарға оқыту туралы тапсырған.

Үкімет бұған қатысты әзірге нақты шешім қабылдамады. Болашақта екі жоғары оқу орнының филиалын ашу керектігі айтылды. Олардың бірі британдық “беделді” ЖОО болуы мүмкін деп мәлімдеді.