Қазақстанда мұғалім абыройына нұқсан келтіргені үшін айыппұл салуды ұсынады

0

Қазақстанда «Педагог мәртебесі, мұғалім мен оқушыға жүктемені төмендету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қоғамдық талқыға шығарылды. 13 маусымда көпшілікке ұсынылған құжат осы айдың 27-сіне дейін талқыланады.

Жобада «педагогтің ар-намысы мен абыройын кемсітіп жасаған іс-әрекеті үшін жүз айлық есептiк көрсеткiш (1АЕК = 2525 теңге) мөлшерiнде айыппұл салу» қарастырылған.

Бұған қоса жобада педагогты кәсіптік міндетіне қатысы жоқ жұмысқа тартқаны үшін басшылыққа ескерту жасалатыны жазылған. Ал егер әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде әлгіндей әрекет тағы қайталанса, «лауазымды адамдарға – 40, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 60, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 80, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 120 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады» деп көрсетілген.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылы халыққа жолдау жасаған кезде «жергілікті биліктің барлық жұмысты мұғалімдер мойнына артып қоятынын» сынаған.

«Не болса соның бәрі мұғалімдерге жүктеледі. Сайлауды да мұғалімдер өткізеді, үгіт-насихат кампаниясын да мұғалімдер жүргізеді. Бұл үшін оларға ешнәрсе төлемейді» деген Назарбаев.

Қазақстанда мұғалімдер басшылық өздерін міндетінен тыс жұмысқа жегетіні жайлы жиі шағымданады. Мұғалімдер өздерін мерзімді басылымдарға мәжбүрлеп жаздыратыны, 2017 жылы ЭКСПО халықаралық көрмесіне билет сатып алуға мәжбүрлегені, кей кездері көше тазалау үшін сенбілікке шығаратыны туралы шағымданған.

Azattyq