Қазақстанда митингі кезінде төрт мыңға жуық адам ұсталды

0

18 маусымда Қазақстан ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев елдегі наразылық шараларында төрт мыңға жуық адам ұсталғанын хабарлады. Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында өткен үкімет отырысынан кейін журналистер сұрағына жауап берген министр олардың заң бұзғанын айтты.

«Маусымның 9,10,11,12 және 13-і күндері – бес тәулік ішінде Қазақстанның бірқатар қаласында бас прокуратура мен ішкі істер министрлігінің ескертуіне қарамастан рұқсат етілмеген митингтер өтті. Митингке шыққан азаматтар «митингі, шеру және демонстрацияны өткізу тәртібін» бұзды. Құжатта қандай да бір акция ұйымдастыру алдында жергілікті атқару органға арыз түсіру керектігі көрсетілген. Егер жергілікті атқарушы орган рұқсат берген жағдайда ғана митинг ұйымдастыруға болады» деді Тұрғымбаев.

Министрдің сөзінше, полицейлерге арнайы құралдарды қолданбау туралы бұйрық берілген.

«Полицияның тәртіпсіздіктерді тоқтату үшін арнайы құралдары бар. Газ баллондары, резеңгі сойылдар пайдаланылған жоқ. Тек күш қолданды. Төрт мыңға жуық адам ұсталды» деді министр.

Оның сөзінше, үш мың адамның үстінен «хаттама толтырылып босатылған», 677 адам сот арқылы әкімшілік қамауға алынған, 305 адамға айыппұл салынған.

Қазақстанда билік рұқсат етпеген митингілер президент сайлау өткен 9 маусымда және 10-11 маусым күндері өткен. Наразылар президент сайлауының ресми қорытындысына қарсылық білдіріп, кейбірі қамауға алынғандарды босатуды талап еткен. 12 маусымда Қазақстанның бірнеше қаласында қауіпсіздік күшейіп, интернет бұғатталған.

Президент сайлауында жеңімпаз танылып, 12 маусымда қызметіне кіріскен президент Қасым-Жомарт Тоқаев полицияның наразыларды ұстауы «міндетті шара» деп атаған. Қазақстанның ішкі істер министрлігі наразылық акциясына қатысушыларды «арандатушылар» деп сипаттайды. Бас прокуратура «заңбұзушылықтарға одан әрі тосқауыл қоюға» уәде еткен.

Бұған дейін Қазақстанның ішкі істер министрлігі 9-10 маусым күндері 700-ге жуық адам ұсталғанын хабарлаған. Құқық қорғаушылар билік ұсталғандар санын «тым азайтып көрсетті», ұсталғандардың әкімшілік жауапқа тартылғаны және қай жерде қамауда отырғаны туралы туыстарына хабарламады деп мәлімдеді. Министрлік Нұр-Сұлтанда ұсталған 200-ге жуық азамат өзге елді мекендерге жеткізілгенін хабарлаған.

12 маусымда Біріккен Ұлттар ұйымының адам құқықтары жөніндегі басқармасы «бейбіт наразыларды жаппай ұстау – Қазақстанның адам құқығы бойынша алған міндеттемелеріне айқын қайшылық» деген. Ұйым Қазақстанды азаматтардың бейбіт жиын өткізу мен пікір айту еркіндігін сақтауға, азаматтарға конструктивті түрде саяси өмірге араласуға мүмкіндік беруге шақырған.

Azattyq