Қазақстанда мекенжай анықтамасынан бас тартылмақ — Қазақстан жаңалықтары

0

Қазақстанның цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев мекенжай анықтамасынан бас тартуға мүмкіндік беретін шешім туралы айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

 

Аталған анықтаманы мемлекеттік мекемелер жиі талап ететінін айтқан министр олардың сұратуға құқығы жоқ екенін атап өтті.

«Екіншіден, Еңбек кодексінде мекенжай анықтамасын талап ету туралы баптың жоқтығына қарамастан, жеке ұйымдар да жиі сұратады.
Дегенмен, мекенжай анықтамасын қажет деп санайтындар да бар болып шықты. Олар аталған анықтаманың қажет екеніне түрлі себептерді уәж ете отырып, өз көзқарастарын білдірді.

Біз өздеріңізден келіп түскен барлық ұсыныс-тілектерді ескердік. Егер сізге азаматтың мекенжайы туралы анықтамасы қажет болса, азаматты сол үшін ХҚКО-на жұмсамай, оны өзіңіз-ақ ала аласыз. Осы мақсатта пилоттық  жобаны іске қоспақпыз. Кадрлық қызметтің қызметкері немесе мекенжай анықтамасын сұратушылар азаматтың үшінші бір тарапқа рұқсат бергені туралы SMS хабарламаны алысымен, egov порталына кіріп, өздері анықтаманы жүктеп алады», — дейді министр.

Сонымен қатар Жұмағалиев  бүгінгі таңда 7 миллионнан астам қазақстандық «мобильді азамат» базасында тіркелгенін айтты. Бұл осынша азаматтың SMS-хабарлама арқылы үшінші тарапқа мекенжай анықтамасын алуға рұқсат бере алатынын аңғартады.
«Ал қалған азаматтарға ХҚКО-на барып, өзінің телефон нөмірін тіркетуіне тура келеді. Бұл үшін бірнеше минут уақытыңызды жұмсағаныңызбен, кейін бірқатар артықшылықтарға қол жеткізесіз. Атап айтсақ, 25 сервис пен анықтамаларды ЭЦҚ-сыз «Телеграмм» қызметі арқылы алу мүмкіндігіне ие боласыз», — дейді ведомство басшысы.

Өз сөзінде Жұмағалиев алдағы уақытта Ішкі істер министрлігі және Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесе отырып, пилоттық жобаны іске қосу күнін белгілейтінін айтты. 

«Осыдан соң, азаматтардан мекенжай анықтамасын талап етпей, оны үшінші тараптың сервисі арқылы өздеріңіз алатын боласыздар. Көмек қажет болса, ХҚКО қызметкерлері сіздерге кеңес беруге әрқашан дайын», — деп түйіндеді Асқар Жұмағалиев.

stan.kz