Қазақстанда мекенжай анықтамасы алынып тасталады
Қысқа сілтеме алу
«Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы барлығы ақпараттық анықтамалардың 28 түрін жоюды жоспарлап отыр
НҰР-СҰЛТАН, 2 қазан – Sputnik. Қазақстанда осы жылдың 1 қарашасынан бастап мекенжай анықтамасы алынып тасталады, деп хабарлайды «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы.
«1 қарашадан бастап азаматтар өз мекенжайын электронды үкімет порталындағы жеке кабинетіне кіріп тексере алады», — деді корпорация басқармасының төрағасы Әсемгүл Балташева.
Оның айтуынша, мекенжай анықтамасымен қоса тағы бірқатар қызмет түрі жойылады. Атап айтсақ, жылжымайтын мүліктің бар-жоғы туралы анықтама, диспансерлерден анықтама, жұмысссыз ретінде тіркелгені туралы анықтама беру.
Жалпы алғанда ақпараттық анықтамалардың 28 түрі қысқартылады.
Тағы оқыңыз: Қазақстанда 1 қазаннан бастап не өзгереді?
Балташева қазақстандықтар осыған дейін мекенжай анықтамасын алу үшін халыққа қызмет көрсету оралықтарына жылына 10 миллион рет барғанын атап өтті.
Бірқатар анықтаманы реестрден алып тастау мәселесі мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру жөніндегі ведомствоаралық комиссияның қарауына шығарылады.
Еске сала кетсек, бұған дейін цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев мекенжай анықтамасын жою туралы бастама көтерген еді. Ішкі істер министрлігі бұл идеяны қолдап, деректер базасын басқа мемлекеттік органдармен интеграциялады.
sputniknews.kz