Қазақстанда медицина қызметкерлерінің мәртебесіне қатысты жаңа кодекстің жобасы әзірленіп жатыр. Жаңалықтарға шолу

0

«Астана Банкі» АҚ салымшыларына «Еуразиялық Банк» арқылы қаражаттары қайтарылады

«Еуразиялық банк» АҚ-ның Қазақстанның аймақтарында орналасқан барлық 17 филиалы мен 126 бөлімшесінде 2019 жылғы 26 қаңтардан бастап 26 шілдеге дейін алты ай ішіндесалымшылардан өтініштер қабылданып және өтемақы төленеді.

Алматы-Қапшағай тас жолында 31 автокөлік түйісіп қалды. 5 адам зардап шекті

Көліктер көктайғақтың кесірінен жаппай бір-біріне соғылған. Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, зардап шеккендердің барлығы медициналық көмекке жүгінген. Қазір оқиға орнында полиция қызметкерлері жұмыс істеп жатыр.

Әлемдегі ең бай адам 25 жыл отасқан жұбайымен ажыраспақшы

Amazon компаниясының негізін қалаушы, төрткүл дүниедегі ең бай Джефф Безос өзінің Twitter-дегі парақшасында осылай деп жазды. Жұбайы Маккензи Безос – жазушы, екеуінің үш ұлы мен Қытайдан асырап алған бір қызы бар.

Ерлі-зайыптылар ажырасқаннан кейін де дос, бірлескен жобаларында серіктес болып қала беретінін мәлімдеді. Джефф Безостың жағдайы 160 млрд АҚШ долларына бағаланыпты.

Қазақстанда медицина қызметкерлерінің мәртебесі туралы заң болмайды

Оның орнына қазір Денсаулық сақтау министрлігінде жаңа кодекстің жобасы әзірленіп жатыр. Медицина саласы қызметкерлерінің құқықтық мәртебесі мен әлеуметтік жағдайын көтеруге бағытталған нормалар «Халық саулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексте қарастырылады.

Елімізде банкроттық рәсімдер жеңілдетіледі

Мәжілісте жаңа заңның жобасы таныстырылды. Бүгінде Қазақстанда 4 мыңға тарта кәсіпкер банкроттық рәсімінен өтіп жатыр. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, олардың әрбір төртіншісін сот банкрот деп танудан бас тартады. Жаңа заң жобасы осындай олқылықтардың орнын толтырады дейді жобаны әзірлеушілер.

Қымбат самса сатқаны үшін Ақтау әуежайына 1,5 миллион теңге айыппұл салынды

Әуежайда 500 теңгеге сатылған самсаның бағасы бір жолаушының наразылығын тудырған. Осыдан кейін Монополияға қызмет департаменті Ақтау халықаралық әуежайының жолаушылар терминалы иелерімен бір жылға жуық соттасқан. Нәтижесінде мамандар әуежайда орналасқан жалғыз тамақтану орталығы монополиялық жағдайларын теріс пайдаланғанын дәлелдеген.

Енді әуежай әкімдігі кәсіпкерлер арасында бәсекелестікті тудыру үшін кем дегенде екі кафеге жұмыс жағдайларын жасап беруі тиіс. Сонымен бірге әкімдік тағамдардың құнын арзандатады.

«7-20-25» бағдарламасымен 48,5 млрд теңгенің өтінімі мақұлданды

Бүгінге дейін бағдарлама бойынша құны 77,7 млрд теңге тұратын 6667 өтінім қабылданған. Былтырғы жылы елімізде 3700 адам бағдарламаның арқасында баспаналы болды. 2018 жылдың 25 желтоқсанындағы ҚР Ұлттық Банкі қаулысымен жеке тұлғалардың валюталық ипотекалық қарыздарын қайта қаржыландыру бағдарламасы 2019 жылдың 1 шілдесіне дейін ұзартылды.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

24.kz: Баспана бағасы қымбаттауы мүмкін. Құрылыс саласындағы мамандарыдң болжамынша Қазақстанда баспана бағасы алдағы 2 жыл ішінде қымбаттауы мүмкін. Қымбатшылыққа әкелетін негізгі себептердің бірі – АҚШ долларының өсуі. Жерасты көлік тұрағы сынды барлық жайлылығы қарастырылған тұрғын үй кешендерінің құрылысы алдағы уақытта азаймақ. Өйткені бүгінде қарапайым халық арасында бағасы қолжетімді баспанаға сұраныс артып отыр.

Baq.kz: Көкпардан әлем чемпионаты өтеді. Кезекті Әлем Чемпионаты 2019 жылдың қараша айында өзбек елінде өтеді. Ташкентте болған көкпар федерацияларының халықаралық жиынында Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Моңғолия, Қырғызстан, Ресей, Ауғанстан, АҚШ елдерінің өкілдері аталмыш бәсекеге қатысты ой-пікірлерін ортаға салып, Көкпардан ІІ Әлем чемпионатына дайындық жұмыстарын пысықтады.

Дереккөз: https://informburo.kz