Қазақстанда квазимемлекеттік секторы реформаланады

0
48

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстан экономикасының квазимемлекеттік секторының тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін «Самұрық-Қазына» АҚ реформалау бағдарламасы таныстырылды. Бұл туралы KzNews тілшісі хабарлайды.

Баспасөз мәслихатына «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма Төрағасы Алмасадам Сәтқалиев қатысты.

А.Сәтқалиевтің айтуынша, жыл басынан бері «Самұрық-Қазына» қоры бірқатар кадрлық реформаларды іске асырды. Нұр-Сұлтан қаласындағы корпоративтік орталық қызметкерлерінің саны екі есеге қысқартылды (248-ден 124 адамға дейін), Компаниялар тобында 106 кеңесші жұмыстан босатылды, «кеңесшілер» институты ұйымдық құрылымнан толығымен жойылды. Қордың барлық шетелдік өкілдіктері: Лондонда, Бейжіңде, Абу-Дабиде және Мәскеуде жабылды. «Самұрық-Қазына» тобындағы алты компанияның, оның ішінде «ҚазМұнайГаз» бен «QazaqGaz» компаниясының басшылығы өзгерді. Персоналды оңтайландыру «Самұрық-Қазына» корпоративтік орталығына 2 миллиард теңгеден астам қаражатты үнемдеуге мүмкіндік берді.

«Самұрық-Қазына» қорының таза табысы 1,6 трлн теңгені құрады, бұл жоспарланған көрсеткіштен бірнеше есе жоғары. Негізгі себептер – мұнайдың әлемдік бағасының өсуі, сонымен қатар эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруы, тасымалдау мен энергия тұтынудың өсуі. 2021 жылы «Самұрық-Қазына» тобындағы компаниялар Республика бюджетіне 1,2 трлн теңге салық төледі. 2022 жылы «Самұрық-Қазына» қорының Қазақстан үкіметіне дивидендтері екі есеге жуық өсіп, 170 миллиард теңгені құрайды.

Қор қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету және қаржылық-экономикалық құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен және Қаржы мониторингі агенттігімен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Қордың Қоғамдық кеңесінің рөлі күшейтілді.

2022 жылы Қор жалақысы аз мамандықтарға назар аудара отырып, жұмыскерлердің жалақысын көтерді. Топтың барлық компанияларындағы (239 мың жұмысшы мен инженерлік қызметкерлер) өндірістік персоналдың жалақысы 5 пайыздан 48 пайызға дейін өсті. Жыл соңына дейін тағы төрт компания жұмысшылардың жалақысын қосымша көтермек.

Сәуір айынан бастап Қор сатып алудың жаңа тәртібін енгізді. Қазақстандық кәсіпкерлерді қолдау күшейтілді, бизнеске кедергілер жойылды, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері барынша азайтылды.

«Самұрық-Қазына» қорының жүйелі реформаларының қатарында қоржындық компанияларды IPO/SPO-ға шығару және жекешелендіру арқылы Қордың ел экономикасындағы үлесін азайту жоспарға енгізілді. Бұл ретте Қор стратегиялық активтердегі бақылау пакетін сақтайды. Алдағы 5-8 жылда «Самұрық-Қазына» стратегиялық холдинг болып қалады, алайда инвестициялық холдинг үлгісіне өтуді жалғастырады. Қор портфельдік компанияларды басқару кезінде активтер құнын барынша арттыра отырып, шығындарды азайтуға күш салады.

Қор үшін осы кезеңде экономиканың нақты секторына инвестицияларды жүзеге асыру және энергетика, мұнай-газ өнеркәсібі және көлік және коммуникациялар саласындағы инфрақұрылымды дамыту басты басымдық болып табылады.

Қазіргі уақытта Қор газбен жабдықтау, сумен жабдықтау, көлік және энергетика саласында бірқатар ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда. Олардың басым бөлігі Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі Ұлттық іс-шаралар жоспарына енгізілген.

Бұл жобалар Қазақстан халқының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Осы жобаларды жүзеге асыру аясында 15 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Жаңа жұмыс орындарын ашумен қатар, бұл жобалардың жанама ұзақ мерзімді әсерлері бар. Ол еңбек және экологиялық жағдайды жақсартуға, халықтың өмір сүру деңгейін көтеруге, әлеуметтік инфрақұрылымдар мен кәсіпкерлікті дамытуды ынталандырудың жиынтық нәтижесі болмақ.

Қордың тағы бір басым бағыты – экономиканы әртараптандыру, экспортты алмастыру және отандық бизнесті қолдау. Қор отандық бизнеспен бірге ірі инвестициялық жобаларды қаржыландыруға, сондай-ақ бизнес үшін ұзақ мерзімді оффтейк-келісімдер беруге дайын. Сонымен қатар, «Самұрық-Қазына» Қор деңгейінде шетелдік инвесторлармен жұмысты үйлестіруді жоспарлап отыр.

Қор акционерге төленетін дивидендтерді арттыруға бағытталған шаралар қабылдап жатыр. 2021 жылы Қор дивидендтер түрінде республикалық бюджетке 88,3 млрд теңге жіберді. Өткен жылдың оң нәтижелерін ескере отырып, биыл «Самұрық-Қазына» қоры мемлекетке 170 миллиард теңге дивиденд төлеуді жоспарлап отыр.

Өткен жылы Қордың портфельдік компаниялары 1,2 триллион теңгеге жуық салық төледі. Бұл республикалық бюджетке түсетін жылдық түсімдердің 10 пайызын құрайды.