Қазақстанда кредит алған әрбір 4-ші адам қарызын жаба алмай жүр
Бүгін Мәжіліс кулуарына Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымова шықты. Журналистер алдында агенттік басшысы халықтың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы мәселелері жөнінде заң жобасын қорғаған. Бұл мәселе шынтуайтында, азаматтардың несие құлдығына түсіп кетуімен байланысты екені айтылып жүр. Қоғамның осы өзекті проблемасын қалай реттеуге болады?
«Халық қазір белгілі бір деңгейде несиенің құлына айналды. Кейбір банктер мен микроқаржылық ұйымдар азаматтардың табысын растамай, өте жоғары пайызбен несиені оңды-солды бере береді. Осы дұрыс па? Халықтың қарызға бату проблемасын қалай реттеуге болады деп ойлайсыз?» — деп сұрақ қойды кулуарда Ulysmedia.kz тілшісі.
Бұл сұраққа жауап берген Мадина Әбілқасымова былтыр тұтынушылық несие көлемі шынында да 40% өскенін растады. Демек Қазақстанда проблемалық несиелерді алған азаматтардың саны көбейіп кеткен.
«Әртүрлі шаралар қабылдап жатырмыз. Бізде қарыз жүктемесінің коэфиценті деген бар. Оның мөлшері бізде 50%. Яғни банк немесе микроқаржылық ұйымдар несие беретін кезде азаматтың табысын бағалауы керек. Несие бойынша төлем мөлшері сол азаматтың табысының 50% асып кетпеуі тиіс. Егер асып кетсе, банк немесе микроқаржылық ұйымдардың несие беруге құқығы жоқ», — деді Мадина Әбілқасымова.
«Осы ереже қаншалықты сақталып жатыр» деген сұраққа агенттік басшысы «иә, банктер сақтап отыр, егер сақтамаса агенттік тиісті бақылау шараларын жүзеге асырады» деп жауап берді.
«Былтыр 128 мың келісімшарт бойынша шарттардың бұзылғанын анықтадық. Осылайша, банктерге артығымен алған соманы жеке тұлғаларға қайтаруды міндеттедік. Сонымен бірге бізде сыйақының шекті мөлшері бар. Микроқаржылық ұйымдар бойынша естеріңізде болса сыйақы 700% дейін болып, мұның артын үлкен шуға ұласқан болатын. Осыны көргеннен кейін оларды реттеуге тура келді. Олар үшін бірыңғай 56% сыйақы мөлшері бекітілді. Онлайн-несиелеу арқылы қазір 50 АЕК (150 мың теңгеден астам) дейін ғана несие беріледі. Бір жарым айға! Біздің қазіргі міндетіміз онлайн-несиелеуді 56% болатын бірыңғай реттеу алаңына әкелу», — деді ол.
Мадина Әбілқасымова халықтың несие бойынша қарызға батып кетуінің ең негізгі себептерінің бірі – жоғары ставкаға байланысты болып отырғанын мәлімдеді. Екіншіден, халықтың табысын растамай бере бергендіктен де осындай жағдай орын алған.
«Былтыр тұтынушылық несие беру жағдайы өте көбейіп кеткендіктен, біз өз тарапымыздан банктердің капиталы бойынша талапты күшейтуді ұсынғанбыз. Қазір осындай әдістеме әзірленуде. Одан бөлек жалпы банк үшін 56% ставканың өзі 2012 жылы бекітілген. Біз зерттеу жүргізе отырып, жаңа әдістеме бойынша қорландыру құнының мөлшеріне, қарыз алушының қаржылық тәуекеллеріне, операциялық шығындарға қарай ставканы белгілеуді ұсынып отырмыз. Осының нәтижесінде тұтынушылық несие бойынша жылдық ставка төмендеуі тиіс. Біздің бағалауымызша, оның мөлшері 35-40% аралығында болуы керек», — дейді ол.
Агенттік басшысы қазір банктер 22% қарыз беріп жатқанымен, әртүрлі комиссиялар арқылы төлем алып, мұның соңынан жылдық ставка 56% дейін жетуі мүмкін.
Мадина Әбілқасымова сөз соңында Қазақстанда (барлық банктер мен микроқаржылық ұйымдар) несиесін жаба алмай жүрген 1,5 млн адам барын (жалпы несиесі барлардың саны 6,2 млн адам) айтты.