Қазақстанда коронавируске қатысты заң шығарылды — Қазақстан жаңалықтары
Ертеңнен бастап ҚР бас санитарының коронавирусқа қатысты арнайы қаулысы күшіне енетін болады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы ҚР денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Диас Ахметшәріп мәлімдеді.
«17 ақпанда ҚР Бас санитарлық дәрігерінің қаулысы шықты. Қаулы бүгін түнгі сағат 00:00-де күшіне енеді. Бұл коронавирусқа қарсы профилактикалық шараларды күшейтуге бағытталған», — деді ол.
Заң бойынша шетелдік азаматтар үш топқа бөліп қарастырылады екен.
«6 ақпаннан бастап Қытай жерінде болған азаматтар міндетті түрде 14 күн стационарға карантинге жатқызылады. Қосымша тағы 10 күн дәрігер қадағалауында болады. Екінші топ — коронавирусты оннан астам адам жұқтырған қалалардан, елдерден келген азаматтар. Олар 14 күн үй карантиніне жатқызылады және тағы 10 күн жергілікті мекенжайы бойынша дәрігер қадағалауында болады», — деді Ахметшәріп.
Үшінші топтағы азаматтар тұрғылықты жері бойынша 24 күн дәрігер бақылауында болады. деді денсаулық сақтау министрлігінің өкілі.
«Бұл тәртіпті бұзғандар ҚР Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 462-бабына сай жауапкершілікке тартылады, айыппұл салынады. Карантиндегі адамдарды жергілікті учаскелік дәрігерлер мен полиция өкілдері күн сайын қадағалап отырады. Үй карантинінде отырған азаматтар ең алдымен жақындары мен достарын ойлауы тиіс және карантин талаптарын қатаң сақтауы керек. Әзірге індет өршіп тұрған елдерге шықпауларыңызды, сапарларыңызды кейінге шегеруді сұраймыз», — деді Диас Ахметшәріп.
Атап өтерлік жайт, қытайлық індеттен көз жұмғандардың саны екі мыңға жетіпті. Ал короноавирусты әлем бойынша 74 мыңнан астам адам жұқтырған.
stan.kz