Қазақстанда коронавирус анықталды: енді не болады?

0
14

Екі қазақстандықтан коронавирус табылды. Егер тағы науқастар шығып жатса, төтенше жағдай енгізу туралы шешім қабылдануы мүмкін

НҰР-СҰЛТАН, 13 наурыз – Sputnik. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов екі қазақстандық коронавирус жұқтыруына байланысты Алматы қаласында қандай жағдайда карантин енгізілетінін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Жергілікті жерде төтенше жағдай жариялау туралы шешімді атқарушы органдардың басшылары қабылдайды. Яғни, аймақ әкімдері шешім шығарады. Әрине, біз тығыз байланыста жұмыс істеп жатырмыз. Әзірге төтенше жағдай енгізудің қажеті жоқ деп ойлаймын», – деді Біртанов арнайы баспасөз мәслихатында.

Министрдің айтуынша, алдымен коронавирус анықталған екі адаммен байланыста болғандардың бәрін анықтау қажет. Одан кейін барлығы тиісті тексерістен өткізіледі.

«Егер тағы науқастар шығып жатса, төтенше жағдай енгізу шешімі қабылдануы мүмкін», – деп түйіндеді Біртанов.

Оқи отырыңыз: Біртанов коронавирус жұқтырған қазақстандықтар туралы айтып берді 

Айта кетейік, бүгін Қазақстанда коронавирус жұқтырған екі адам анықталғаны белгілі болды. Олардың біреуі Алматыға 9 наурызда, ал екіншісі 12 наурызда түнде ұшып келген.

Біртановтың айтуынша, 9 наурызда ұшып келген борттағы барлық жолаушы анықталды. Олардың саны – 73 адам.

«Бізде тізім бар. Қазіргі кезде біз оларды оқшаулау шараларын бастап жатырмыз. Ал екінші ұшақ бүгін түнде ұшып келген. Бортта экипажбен бірге 12 адам болған. Олар бірден Алматыдағы инфекциялық стационарға жатқызылды», – деді ол.



sputniknews.kz