Home Жаңалықтар Қазақстанда көлік жүргізу кезінде телефонға алаңдаған әйел екі адамның өліміне себепші болды

Қазақстанда көлік жүргізу кезінде телефонға алаңдаған әйел екі адамның өліміне себепші болды

0
330

Шығыс Қазақстан облысында заң бұзған әйел 8 жылға сотталды және көлік құралын басқару құқығынан айырылды, деп хабарлайды ШҚО ІІМ ТЖБ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шығыс Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жол көлік оқиғасы «Өскемен-Семей» тасжолында болған.

«42 жастағы семейлік азаматша Toyota Camry көлігімен Өскеменге қарай жолаушы тасымалымен айналысқан. Жолаушылардың айтуынша, көлік тізгіндеген әйел әлеуметтік желіде отырып, ұялы телефонмен жиі сөйлескен. Жолға назар аудармаған ол жылдамдықты да бекітілген шектен асырып жіберген. Алдында келе жатқан автогрейдерді озып өтпек болғанда қарсы бағыттағы Lada көлігімен соқтығысқан», – делінген хабарламада.

Жол апаты салдарынан Lada көлігіндегі екі адам оқиға орнында көз жұмды. Ал Toyota Camry көлігінің төрт жолаушысы түрлі дене жарақаттарын алған. Сондай-ақ сотталушының жүргізуші куәлігі болмағандығы анықталды.

Ұлан аудандық сотының үкімімен айыпталушы ҚР ҚК-нің 345-бабы 4-бөлігі бойынша 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол өз жазасын қауіпсіздігі минималды түзету мекемесінде өтеуде.