Қазақстанда киіктердің саны өсті — ауыл шаруашылығы министрлігі
Киіктердің саны бір жылда 41 процентке өскен
НҰР-СҰЛТАН, 18 маусым – Sputnik. Қазақстанда төрт жыл бұрын жаппай қырылған киіктердің саны қазір 215 мыңнан асты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың айтуынша, бір жыл бұрын киіктердің саны 152 мың бас болған. Ал өткен жылы 215 мыңға жетті. Сөйтіп, киіктердің жалпы саны бір жылдың ішінде 41 процентке өсіп отыр.
«Сонымен қатар, киіктерді ату фактілері тоқтамай тұр. 2018 жылы 77 браконьерлік фактісі анықталып, 500 киіктің мүйіздері тәркіленді. Министрлік бас прокуратурамен, ішкі істер министрлігімен, ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, браконьерлікке қарсы жедел іс-шаралар жоспарын әзірледі. Ол браконьерлікпен күресу жөніндегі қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді жедел іс-шараларды қамтиды», — деді Омаров есеп беру кездесуі кезінде.
Айта кетейік, осыдан төрт жыл бұрын Қазақстанда киіктердің жалпы саны 295 470 бас болған. Бірақ тура сол жылы үш аптаның ішінде 200 мыңнан астамы белгісіз себептермен қырылып қалды.
Тағы оқыңыз: Атырауда балық жаппай қырылып жатыр
Қазақстанның ғалымдары аталған оқиғаның нақты себебін бірден таба алмады. Артынан киіктердің жаппай қырылуына В типіне жататын Pasteurella multocida инфекциясы себеп болды деген қорытынды жасалды. Бұл – пастереллёздің бір түрі. Зерттеу шараларына шетелдік сарапшылар да шақырылды.
Американың «Science» журналында жарияланған зерттеудің нәтижесіне сәйкес, сол жылы Орталық Қазақстанда ауа температурасы тым жоғары болды. Оған қоса, мөлшерден көп ауа ылғалдылығы тіркелді. Бұның барлығы киіктердің жаппай қырылуына әкеліп соқтырды.
sputniknews.kz