Қазақстанда кейбір сауда орындары мен базарлар ерте жабылады
Сауда және интеграция министрлігі азық-түлік сатпайтын сауда орындарының жұмыс кестесін қысқартуды ұсынды
НҰР-СҰЛТАН, 16 наурыз – Sputnik. Қазақстанда төтенше жағдай енгізілуіне байланысты ірі сауда орталықтары мен азық-түлік сатпайтын базарлардың жұмыс кестесі өзгереді. Бұл туралы сауда және интеграция министрлігі хабарлады.
«Президенттің қаулысын іске асыру мақсатында сауда және интеграция министрлігі ірі сауда орталықтарының жұмыс кестесін сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін қысқартуды ұсынады. Сонымен қатар, санитарлық қауіпсіздік шаралары күшейтілуі тиіс. Ал азық-түлік тауарларын сатпайтын базарлардың жұмысы сағат 11:00-ден 17:00-ге дейін шектелсін», — делінген министрліктің ресми хабарламасында.
Осы орайда министрлік өкілдері сауда орталықтарында кинотеатрлар, балалар орталықтары және басқа да ойын-сауық алаңдарын жабу қажеттігін тағы бір мәрте еске салды.
Оқи отырыңыз: Тоқаев қазақстандықтарды сабырлық сақтауға шақырды
«Азық-түлік дүкендері, азық-түлік супермаркеттері мен азық-түлік базарлары күнделікті режиммен жұмыс істеуге міндетті. Бірақ санитарлық және дезинфекциялық шаралар күшейтілуі шарт. Ал нан және кондитер өнімдері тек қаптамада ғана сатылуы қажет», — дейді мамандар.
Қазақстандағы төтенше жағдай
Қазақстанда 16 наурыздан бастап төтенше жағдай режимі енгізілді.
Ол 15 сәуірге дейін созылады. Мемлекеттік комиссия құрылып, премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен жұмыс істейді. Президент тиісті жарлыққа қол қойды.
15 наурыздағы мәлімет бойынша Қазақстанда тоғыз адам коронавирус жұқтырды. Елде ойын-сауық, спорт және басқа да бұқаралық іс-шараларды, сондай-ақ, отбасылық, салт-дәстүр іс-шараларын өткізуге тыйым салынды.
sputniknews.kz