Қазақстанда интернетте аноним төлем жасауға тыйым салынуы мүмкін

0
Интернет саудасы
Фото: F1manufacturing.com

ҚР Ішкі істер министрлігі Ұлттық банк пен Қаржы министрлігіне интернетте аноним төлем жасауға тыйым салу туралы ұсыныс жолдады. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінде есірткі заттары, психотроптық заттар, олардың баламасы мен прекурсорлары айналымын бақылауға қатысты заңнамалық өзгерістер жобасын талқылау кезінде министр Қалмұханбет Қасымов айтты.

Ішкі істер министрінің айтуынша, бұл шара өзге елдерден келетін есірткі мен психотроптық заттар легін шектеуге көмектеседі.

Есірткі сатушылар жұмыс әдісін өзгертіп отыр. Сондықтан ең әуелі біз 2014 жылы тыйым салынған заттар тізімін жасау туралы шешім қабылдадық. Бірақ олар әр кезде заттардың химиялық формуласын өзгертетін болып шықты, сөйтіп, тыйым салынған заттар тізімге енбей қалады да, біз оларды жауапкершілікке тарта алмай қаламыз, – деді Қалмұханбет Қасымов.

Министр бүгінде ведомство тыйым салынған есірткі заттарын сататын сайттарды жабу жөнінде шараны қолға алды. Былтыр 522 сайт жабылса, биыл жабылған сайттардың қатары 3200-ге жетті. Сонымен бірге есірткі айналымымен күрестің тиімділігін арттыру үшін бір ай бұрын Ішкі істер министрлігі Ұлттық банк пен Қаржы министрлігіне ұсыныс арнайы жасады.

Төлемдер туралы заңнамаға сәйкес интернетте 100 айлық есептік көрсеткішке дейін аноним төлем жасауға болады, бұл – 240 мың теңге. Біз тыйым салынған заттардың таралуына жол бермеу үшін осы аноним төлемдерді алып тастауды ұсындық, – деді Ішкі істер министрі.

Талқыланып отырған түзетулер Үкіметке елімізде бақылануы тиіс есірткі заттары, психотроптық заттар мен прекурсорлар тізімінің үш құжатын бекіту, оларды заңсыз айналымнан табылған шағын, ірі және аса ірі мөлшерге жатқызу және сутегі атомын алмастыратын заттар тізімін жасау өкілеттігін беруді қарастырады.

Бұған қоса, заңға енгізу ұсынылып отырған түзетулер заңсыз айналымнан тұңғыш рет тәркіленіп отырған заттарды мемлекеттік бақылауға алудың негізі мен тәртібін анықтайды және есірткі заттары мен психотроптық заттардың баламасы ұғымын нақтылайды. Сонымен бірге заң жобасы сутегі атомын алмастыратын заттар ұғымына да анықтама береді. Үкіметке тиісті өкілеттіктер берілгеннен кейін Қылмыстық кодекске толықтырулар енгізілуі керек.

Қарастырылып отырған түзетулер заңмен емес, Үкіметтің қаулысымен нарықта жылдам пайда болған, бұрын тыйым салынған заттардың ұлттық тізіміне енбеген синтетикалық есірткінің жаңа түрлеріне дереу тыйым салуға мүмкіндік береді. Бұдан елімізде олардың таралуын тоқтатуға шұғыл әрекет ету артады. Ұлттық тізім қалыптастырудың мұндай тәжірибесі қазір әлемнің көптеген елінде, соның ішінде ТМД елдерінде де қолданылып жатыр, – деді Қалмұханбет Қасымов.

Заң жобасын қабылдау әлеуметтік, экономикалық және құқықтық жағдайларға кері әсерін тигізбейді, бюджеттен қосымша шығындарды да талап етпейді. Министрдің айтуынша, бұл түзетулер – Қазақстанда синтетикалық есірткінің ауқымды түрде таралу қаупіне бағытталған қажетті әрекет ету шарасы.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!