Қазақстанда дәрігерлер прокурор секілді халықты митингіге шықпауға шақырып жатыр

0

Коронавирус — адам өміріне қауіпті вирус. Әлемдік деңгейдегі мүйізі қарағайдай ғалымдар мен дәрігерлердің бағалауынша, оның қаупі жер бетінде әлі сейіле қойған жоқ. Тіпті кейбір пессимист болжам бойынша, адамзат баласының коронавирусқа қарсы күресі жақын арада біте қоймайды.

Ғылыми фактілер мен тұжырымдарға қарамастан, «COVID-19 — өтірік вирус» деп ойлайтын адамның саны дамыған және дамушы елдерде аз емес. Олардың саны елдегі саяси-экономикалық, әлеуметтік және т.б. мәселелерге байланысты әрқалай.

Сондай-ақ, Жер планетасында коронавирустың қаупін оны саясиландыру арқылы азайтқан бірде-бір мемлекет жоқ. Өкінішке қарай, ДВК мен Демпартия жоспарлаған бейбіт митингілер қарсаңында қазақстандық билік етуші топ кешеден бері коронавирусқа қарсы күреске Денсаулық сақтау министрі мен аймақтағы денсаулық сақтау саласындағы шенеуніктердің аузымен саяси реңк беріп қойды. Тіпті олардың мойнына ҚР Бас прокуратурасының дәстүрлі миссиясын іліп қойды десе де болады.

Былтыр бірнеше жылға созылған саяси жемқорлық пен жауапкершіліктің болмауы салдарынан болған Арыстағы жарылыс кезінде билік оқиғаны «Арыс, біз біргеміз!» деп науқандатып, саясиландырып жіберді. Биыл коронавирустан және Мақтаралдағы су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсетуді Нұр Отан #BizBirgemiz деп улатып-шулатып, тағы да саясиландырды. Енді онсыз да талай адам коронавирусты саяси құрал деген конспирологияға сеніп жүргенде билік бейбіт митингілерді шектеу үшін пандемияға қарсы күресті дәрігерлердің риторикасына өзінің лексиконын араластыру арқылы саясиландырып отыр.

Егер Қазақстанда расымен де саяси реформа жүріп жатқан болса, «элита» бейбіт митингіге шығуға ниетті азаматтардың және олардың айналасындағы адамдардың денсаулығы үшін шынымен қатты уайымдаса, дәрігерлер оларды прокурор секілді митингіге шықпауға шақырып, құқықтық жауапкершілікті қатаң ескертудің орнына қазақстандықтарды адам көп жиналатын орындарда сақ болуға, маска киіп жүруге, social distancing мен санитарлық талаптарды сақтауға, азаматтық жауапкершілікті танытуға шақырған болар еді.

Шалқар Нұрсейтов, Facebook парақшасынан (автордың рұқсатымен)

Фото: stan.kz