Қазақстанда цирктерде жабайы жануарларды пайдалануға тыйым салынбақ
Елімізде ірі цирктердің жұмысында өзгерістер болуы мүмкін. Орталық цирктерде жабайы жануарлардың өнеріне тыйым салынады. Мұны экология министрлігі көтерді. Қазір ведомство заңға толықтырулар енгізу үшін сараптама жүргізіп жатыр. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Биылдан бастап қала мен ауылдарды аралап өнер көрсететін цирктер мен жануарларды ұстап көруге мүмкіндік беретін шағын зообақтардың жұмысына тыйым салынды. Көшпелі океанариум мен дельфинарийлердің де жұмысы тоқтатылды. Ал аңдар мен жабайы жануарларды, балықтарды жүк көлігіне салып, гастрольге шығатындар қомақты айыппұл төлейді. Экология министрлігі стационарлы цирктердің де жұмысын қайта қарамақ. Ол үшін жан-жақты талдау жүргізіледі.
“Алдағы жылдары цирктердің, зоопарктердің, стационарлы зоопарктардың қызметін реттейтін заңға тиісті өзгерістер енгізу үшін арнайы сараптамалық жұмыстар жүргізіледі. Олардың нәтижесінен тиісті заңға өзгерістер енгізу бастамасы көтеріледі”, – деді экология және табиғи ресурстар министрлігінің бас сарапшысы Бақытжан Исахаев.
Сала мамандары қалалардағы үлкен цирктердің жабылуына қарсы. Өйткені цирк жұмысына түбегейлі тыйым салу ересектер мен балаларды сиқырлы әлемге жетелейтін өнердің жойылуына әкеледі дейді. Айтуынша, стационарлы цирктерде үйретілетін жануарларға жағдай жасалған.
“Стационарлы цирктерде жан-жануарлар болуы керек. Оларда өйткені жағдай жақсы жасалған. Қазақстанда 4-ақ цирк бар. Олар Қарағандыда, Шымкентте, Астана, Алматыда. Сондықтан олардың болғаны дұрыс деп ойлаймын”, – деді Ж.Елебеков атындағы эстрада — цирк колледжінің директоры Жеңіс Сейдоллаұлы.
Әлеуметтанушы Бекнұр Қисықов жануарларды ұрып, үркітіп үйретуге қарсы. Өйткені хайуанаттар өздерінің табиғи ортасында өмір сүруі керек.
“Әлеуметтік желілерде неше түрлі видео тарап жатады. Мысалы жолбарыстарды, аюларды ұрып жатады. Зорлық көрсетеді. Мысалы аю сіздің алдыңызда билеу үшін неше күн дайындайды. Оны қанша қинау керек?! Олар онсыз да аз. Сондықтан ондай цирктардың қажеті жоқ деп ойлаймын”, – деді сарапшы Бекнұр Қисықов.
Сондай-ақ экология министрлігі 2029 жылдан бастап дельфинарий қызметтеріне де тыйым салмақ. Оған дейін олар өз жұмысын өзге форматқа ауыстырып үлгеруі тиіс.
Еске салсақ, бұған дейін Өзбекстанда цирктерде жабайы жануарларды пайдалануға тыйым салынғаны туралы жазған едік.