Қазақстанда бұлғын бейнеленген коллекциялық жаңа монеталар шығады — Қаржы-қаражат

0

ҚР Ұлттық Банкі 2018 жылдың 12 қарашасында номиналы 200 және 100 теңгелік мельхиор қоспасынан «Қазақстанның флорасы мен фаунасы» монеталар сериясынан «Бұлғын» коллекциялық монеталарын айналысқа шығарады, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

«Бұлғын» (соболь) — сусар тұқымдасының ең бағалы өкілі. Қазақстанда Алтай өлкесінің тек қылқан жапырақты орманын мекендейді.

Номиналы 200 және 100 теңгелік «Бұлғын» монеталарының сипаттамасы:

Мельхиор қоспасынан рrооf-like сапалы және brilliant uncirculated сапалы монеталардың бет және сырт жағындағы бейнелері бірдей, рrооf-like сапалы монеталардағы бейне жылтыр бетте орналасқан.

Монеталардың бет жағында (аверсінде) Жер ғаламшарын мекен ететіндердің барлығына ұқыпты қарауды білдіретін оның алақанында стильдендірілген бейнесі, монетаның тиісті номиналын білдіретін жазба және Қазақстан теңге сарайының сауда белгісі орналасқан. Айналдыра «ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ БАНКІ • NATIONAL BANK OF KAZAKHSTAN» деген жазба бар.

Монеталардың сырт жағында (реверсінде) қылқан жапырақты ағаштың бұтағында отырған бұлғын бейнеленген. Айналдыра «БҰЛҒЫН», «MARTES ZIBELLINA» (түрдің зоологиялық атауы) деген жазбалар және соғылған жылын білдіретін «2018» деген сан бейнеленген.

Номиналы 200 теңгелік монеталар мельхиор қоспасынан дайындалған, массасы — 15,0 грамм, диаметрі — 33 миллиметр, дайындау сапасы proof-like, таралымы — 3 мың дана.

Номиналы 100 теңгелік монеталар мельхиор қоспасынан дайындалған, массасы — 11,17 грамм, диаметрі — 31 миллиметр, дайындау сапасы brilliant uncirculated, таралымы — 30 мың дана.

Номиналы 200 теңгелік және 100 теңгелік коллекциялық монеталар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында көрсетілген құнымен төлемнің барлық түрлері бойынша, сондай-ақ, банк шоттарына есептеу үшін және аударым жасау үшін қабылдануға міндетті, Қазақстан Республикасының барлық банктерінде шектеусіз ұсақталады және айырбасталады.

Коллекциялық монеталарды «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қазақстан теңге сарайы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны дайындаған.

Монеталардың дизайны Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 25 қыркүйектегі №1193 Жарлығымен бекітілген Қазақстан теңгесі — ұлттық валюта банкноттары мен монеталары дизайнының тұжырымдамасына сәйкес әзірленген.

Монеталар коллекциялық құны бойынша сатуға арналған. Мельхиор қоспасынан рrооf-like сапалы монеталар кәдесыйлық ораумен шығарылады. Мельхиор қоспасынан brilliant uncirculated сапалы монеталар арнайы полиграфиялық ораумен шығарылады.

Коллекциялық монеталарды Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің барлық аумақтық филиалдарында, сондай-ақ www.nationalbank.kz сайтының интернет-дүкені арқылы сатып алуға болады.