Қазақстанда бюджет қаржысының 1,8 триллион теңгесі тиімсіз жұмсалған
Мемлекет басшысы Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунованы қабылдады, деп хабарлайды Ақорда сайты.
1,8 триллион теңгеге дейінгі бюджет қаржысын тиімсіз жоспарлауға және жұмсауға байланысты заң бұзушылықтар 1,5 есе, 81 миллиард теңгеге дейінгі қаржылық заң бұзушылықтар 2 есе өскен.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа пандемия кезінде экономиканы қолдау мақсатында дағдарысқа қарсы күреске бөлінген қаржының тиімді жұмсалуын бақылау жөніндегі Мемлекет басшысының бұған дейін берген тапсырмасының іске асырылу барысы баяндалды. Сондай-ақ квазимемлекеттік сектордағы активтердің тиімді басқарылуына жүргізілген бағалау жұмыстары жайында айтылды.
Кездесу соңында Президент Есеп комитетінің төрағасына бірқатар нақты тапсырма берді, атап айтқанда, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары қызметін жетілдіруді міндеттеді.